Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, түнгі сағат 23:45 шамасында оның цех ішіндегі жұмысшылар демалатын бөлмеде тұрған қол сөмкесінен белгісіз біреу 50 000 теңге ақшасын ұрлап кеткен.
Хабар келіп түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына келді. Олар ұрлық қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар жергілікті тұрғындар ұсталды.
Анықталғандай, екі жас жігіт көршілер болып шықты. Олар жол бойынан өтіп бара жатып, оңай олжалы болуды көздейді. Күдіктілер ешкімнің байқамай тұрғанын пайдаланып, қақпа жасайтын цех ішіне еркін кіріп, арам ойларын жүзеге асырады. Ұрлаған ақшаны бас пайдаларына жаратып жіберген. Аталған қылмысты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлықтың алдын алу үшін дүкендерге, ғимараттарға, тұрғын үйлерге, жұмыс орындарына бейнебақылау камералары мен арнайы дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Егер де, сіз, ұрлық қылмысына тап болсаңыз немесе куәсі болсаңыз, бірден полицияға хабар беріңіз.
Түркістан облысына қарасты Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғынның тарапынан арыз-шағым келіп түскен.
Арызданушы ер адамның айтуынша, түнгі сағат 04:30 шамасында оның үйіне белгісіз біреу ұрлыққа түспек болғанын, алайда үй иесін көрген ұры ойға алғанын жүзеге асыра алмай, қашып кеткенін жеткізді. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан республикасы қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Сонымен қатар, хабарлама келіп түскен сәттен бастап тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына дер кезінде келді. Полицейлер тұрғын үйден айғақты зат ретінде күдіктінің аяқ киімін тапты. Сақшылар үйге ұрлыққа түспек болған адамды анықтау үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастырып, жедел-іздестіру шараларын атқарды.
Полицейлердің тиянақты әрі жеделді жұмыстарының арқасында осы қылмысқа қатысы бар жас жігіт ұсталды. Ол арызданушының көршісі болып шықты. Күдікті тұрғындардың ұйықтап жатқан уақытында үйге терезе арқылы кірген. Сезікті азамат өзіне қажетті заттарды ұрлау үшін кіріп, алайда тұрғындардың ұйқыдан оянғанын байқап, оқиға орнынан бой тасалаған. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бекерден бекер дана халқымыз «Ұрлық түбі – қорлық» демеген.