Қала әкімінің бірінші орынбасары мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру мақсатында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан бірнеше білім ұяларын аралады.
Шымкент қаласында бүгінде 3 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан білім нысандарының жаңа оқу жылына дайындығын тексеріп, күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды «Шымкент келбеті» газетіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназияда күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айында басталған болатын. Құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер – «ШАХ құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
1989 жылы салынған мектеп 33 жылда бірінші рет күрделі жөндеуден өтуде. Қазіргі таңда терезе орнату 90, сылақ 60, жылу жүйелері 20, электр желілерін тарту жұмыстары 50 пайызға орындалды. Құрылыс жұмыстарына 50 адам жұмылдырылған. Мердігер мекеме өкілдері құрылысты қыркүйек айына дейін аяқтауға уәде берді.
Сонымен қатар, Алишер Навои атындағы № 11 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес атқарылуда. Бүгінде жалпы жұмыстың 70 пайызы аяқталған. Жауапты мердігер «Авторемстрой ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. нысан құрылысын 20 тамызда аяқтауды жоспарлап отыр.
Шыңғыс Жұмабекұлы мердігер мекеме басшыларына жұмысты сапалы орындап, құрылысты жаңа оқу жылына дейін аяқтауды тапсырды.
Айта кетсек, 2022 жылы 5 білім беру ұйымында (№11, №50, №107 мектеп, 1 балалалар үйі, 1 арнайы мектеп-интернат) күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. 4 мекеменің жобалық-сметалық құжаттары дайын. Одан бөлек, 20 мекемеге жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.