Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтеновке қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы 2022 жылдың І жарты жылдығының қорытындысымен атқарған жұмыстары бойынша есеп берді, деп хабарлайды jetpisbai.kz.
Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп 10,1%, өңдеу өнеркәсібі 11,1%, инвестиция 19,5%, ШОБ субъектілері 26,4 %, бөлшек сауда 14,9 пайызға өскен. Биыл өнім көлемі 856,9 млрд. теңге болады деп жоспарланған. 2022-2026 жылдар арасында 228 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болса, соның 50-і биылғы жылдың үлесінде. Оның ішінде инвестиция көлемі 52,8 млрд теңгені құрайтын 16 өнеркәсіптік жоба бар.
Өңірлер арасында іс-әрекеттегі шағын және орта бизнес саны бойынша Шымкент алғашқы орында, ЖӨӨ ШОБ үлесі бойынша үшінші орында, ШОБ-те адам саны бойынша төртінші орында болса, ШОБ өндірілген өнім көлемі бойынша алтыншы орынға тұрақтаған. Есепті тыңдаған қала әкімі алдағы жылдары жоспарға қойылған жобаларды кеңінен зерделеуді, индустриалды аймақтардағы кәсіпкерлік нысандарына талдау жүргізуді, өндірістік парктердің тиімділігіне талдау жасауды, көшпелі сауда орындарын бақылауға алуды тапсырды.
Айта кетейік, 2022 жылдың төрт айында қала экономикасына 108,6 млрд. теңге инвестиция тартылған. Ал, 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 260,7 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 38,8 %-ға артқан. 2021 жылы жалпы құны 152,6 млрд теңге, 2,5 мың жаңа жұмыс орнымен 63 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланған. Бүгінде 63 млрд теңгеге 33 жоба жүзеге асырылды. Жалпы қалада 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн. теңгеге 296 инвестициялық жобалардың базасы жасақталды. Жаңа 20 мыңнан аса жұмыс орындары ашылатын болады.
Оның ішінде, 2022 жылы құны 241 млрд. теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орындары ашылуы жоспарлануда. Бұл жобаларға тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізіліп, проблемалық мәселелерін шешу бойынша мемлекеттік қолдаулар көрсетілуде. Бүгінгі таңда қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру және инвестициялар тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.