Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » АБАЙЛАҢЫЗ, АЛАЯҚТАР: ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТҚА ӨТІНІШ ТЕК ОНЛАЙН РЕЖИМДЕ, ДЕЛДАЛСЫЗ ҚАБЫЛДАНАДЫ

АБАЙЛАҢЫЗ, АЛАЯҚТАР: ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТҚА ӨТІНІШ ТЕК ОНЛАЙН РЕЖИМДЕ, ДЕЛДАЛСЫЗ ҚАБЫЛДАНАДЫ

Шымкентте алаяқтар «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқуға тіркеп, 1 225 200 теңгелік грантты жеңіп алып береміз» деп ақша жинап алып, тұрғындарды алдап соғуда. Осыған байланысты Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы арнайы брифинг ұйымдастырып, тұрғындарға ескерту жасады.
–Биыл Шымкент қаласында өз ісін бастағысы келетін азаматтарға 1 150 қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Оның көлемі 400 айлық есептік көрсеткішке тең. Яғни, грант иегері атанған азаматқа 1 225 200 теңге беріледі. Алайда, бұл гранттың иегері атануыңыз үшін «Бастау Бизнес» жобасы аясында қысқа мерзімді оқу курсынан өтіп, арнайы сертификат алуыңыз керек. Содан кейін өзіңіздің электронды цифрлық қолтаңбаңыз арқылы арнайы порталда өтінім беріп, конкурсқа қатыса аласыз. Комиссия отырысында өз идеяңыз бен бизнес жоспарыңызды қорғап шыққан соң, жеңімпаз атансаңыз ғана грантқа қол жеткізесіз, – деді басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова.
Айта кетейік, биылғы жылдың шілде айының 25-інен бастап «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жаңа форматта ұйымдастырылған. Өз ісін бастауды жоспарлап отырған азаматтар Skills.enbek.kz платформасы арқылы онлайн режимде бизнес жүргізу үшін базалық білім мен дағдыларды ала алады.
Оқу курсына жазылу үшін Business.enbek.kz порталда тіркелуіңіз қажет. Портал оқыту шарттарына сәйкестігіңізді автоматты тексереді. Шарттарға сәйкес болған жағдайда қатысушы Skills.enbek.kz платформаға өтіп, оқуға кірісе алады.
Аталған онлайн курс жұмыссыздар, өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа жетпей жұмыстан қысқартылып кеткендер, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті дербес жүзеге асырып жүрген азаматтар мен табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен адамдар ғана қатыса алады. Бұл санаттарға жатпайтын болсаңыз кімге, қанша ақша берсеңіз де Сізді ешкім курсқа тіркеп, грант жеңіп әпере алмайды.
–Курсқа тіркеу және грантқа өтінім қабылдау онлайн режимде жүргізледі. Бұл порталдар электронды үкіметтің өзге ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған. ЖСН терілген кезде азаматтың әлеуметтік статусы автоматты түрде көрсетіліп тұрады. Оны ешкім өзгерте алмайды. Оның үстіне грант тағайындау жөніндегі шешімді азаматтық қоғам белсенділері, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен құралған тәуелсіз комиссия қабылдайды. Сондықтан тұрғындарды жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің атын жамылған алаяқтардың сөзіне сеніп, алданып қалмауға шақырамын, – деді Балмаржан Полатқызы.
Бұған дейін кездескен осындай фактілердің барлығы құқық қорғау органдарына жолданған. Ал, Сіз осындай жағдайға тап болсаңыз 1424 телефоны арқылы коррупцияға қарсы қызметке немесе 8 7252 27-74-31 телефоны арқылы Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына хабарлауыңызға болады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*