Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » «КҮМІС ДОМБЫРА»: АБАЙ КҮНІНЕ ОРАЙ АЙТЫС ӨТТІ

«КҮМІС ДОМБЫРА»: АБАЙ КҮНІНЕ ОРАЙ АЙТЫС ӨТТІ

Үшінші мегаполис маңындағы «Балдәурен» демалыс аймағында жас ақындар арасындағы республикалық «Күміс домбыра» айтысы мәресіне жетті. Жыр додасы биыл қазақтың ұлы ағартушысы Абай күніне орайластырылған. Өнер сайысын Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бастаған көрермендер тамашалады.
– Жазба және айтыскер ақындар арасындағы «Күміс қалам» және «Күміс домбыра» байқаулары биыл екінші рет өтуде. Былтыр Шымкент қаласында өткен жыр сайысы биыл Төлеби ауданындағы керемет табиғат аясында ұйымдастырылды. Қатысқан барлық ақындарға алғыс айтамыз. Қазақтың төл өнері айтыс – бұл әр ұлтқа бұйырмаған өнер. Біздің дана халқымыз әрдайым аталы сөзге тоқтаған, уәжге жүгінген. Қиыннан қиыстырып, сөз табу, таңды таңға ұрып, жырлау – қазақтың бойында ежелден келе жатқан дәстүр. Қазаққа қанмен берілген айтыс өнері жасай берсін! Жыр мүшәйрасын ұйымдастыруға атсалысқан барлық жандарға алғыс айтамыз, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Өнер сайысы биыл екінші рет Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығы және Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің ұйымдастыруымен өтті. Жыр додасына еліміздің түкпір-түкпірінен 16 ақын мен 16 айтыскер қатысты. Алдымен іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен талантты жастардың өнер күнгей өңіріне ғана емес, елімізге танымал ақын Бекарыс Шойбеков бастаған әділқазылар алқасы бағалады. Әділқазылар құрамында белгілі айтыскер ақын Бауыржан Халиолла, Шымкенттегі өнер мектебінің директоры Маржан Есжанова, «Алтын домбыра» жүлдесінің үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов, Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы кітапхананың директоры Анар Жаппарқұлова бар.
Сонымен, сайыс нәтижесі бойынша түркістандық Даниял Болысбек бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпазға күміспен апталған домбыра табыс етілді. Бірінші орынды Алматы қаласынан келген Айым Асылбекқызы алды. Екі екінші орынды Қызылордадан келген Нұрахмет Мансұров және Түркістан облысының саңлағы Аян Ниязбек ұтып алса, екі үшінші орынды шымкенттік жас ақындар Нұрғали Әнапия мен Жандос Мырзабеков қанжығаға байлады.
Айта кетейік, «Күміс қалам» және «Күміс домбыра» сайысы республикалық «Алтын қалам» және «Алтын домбыра» жыр додасына қатысатын аға буын ақындардың ізбасарларын дайындау мақсатында қолға алынған. Екі күндік жыр додасы табиғаты әсем орында өтті. Жас ақындар, жыр сайысынан бөлек, белгілі өнер иелерімен жүздесіп, шеберлік сағаттарына қатысты.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*