Шымкент қаласында Абай күні ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етумен басталды, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі. Жиынға Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов ақын-жазушылар, мектеп оқушылары мен қала тұрғындары қатысты. – Абай Құнанбайұлы – ұлы тұлға. Ақынның шығармашылығы бүгінгі заман талабына сай қайта түлеп, жыл өткен сайын жаңғырып, ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлес қосып келеді.
Абайдың жас ұрпаққа айтар ақылы да, өсиеті де аз емес. Ол шындықты айта отырып, өлеңдері мен қара сөздері арқылы жастарды адамгершілікке, адал достыққа үгіттеді. Күні бүгінге дейін дана ақынның шығармалары өзектілігін жоғалтқан емес, — деді Абай ауданының әкімі Бұқарбай Рысқұлұлы. Мерекеге жиналған қауым Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтты. Белсенді шымкенттіктерге кітапхана атынан сый-сияпат жасалды. Іс-шараның жалғасы «Абай» кітапханасында жалғасты. Мұнда да ойшыл, ағартушының шығармашылығы насихатталды. Айта кетейік, Шымкент қаласында Абай Құнанбайұлының туғанына 177 жыл толуына орай, бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Сондай іс-шаралардың бірі, «Абай» кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен «Абай салған әндер-ай» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Әдеби-музыкалық кештің мақсаты – қазақ халқы үшін ғана емес, әлем халықтары арасында әйгілі Абай Құнанбайұлының шығармаларын халық арасында кеңінен дәріптеу және қайта жаңғырту. Кітапханада өткен әдеби кеште, Абайдың өмір жолы, шығармалары, қара сөздері мен әндері шырқалды. Сонымен қатар, кешке келген кітапхана оқырмандары да қосыла ән-салып, бірқатар өлеңдерін жатқа оқыды. Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханасының Абай Құнанбайұлының 177 жыл толуына орай ұйымдастырған мерекесі «Абай әндерін бірге шырқайық» кітапхана түнімен аяқталады.