Еңбекші ауданының әкімі Есілбек Досбол Күздікбайұлы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша жеті айда атқарылған жұмыстарын және бірқатар мәселелерді баяндап берді, деп жазады қалалық «Шымкент келбеті» газетіне сілтеме жасаған «jetpisbai.kz» ақпараттық агенттігі.
Еңбекші ауданы – қаланың өндірістік аймағы саналады. Аудан көптеген жұмыс орындары бар ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың болуымен ерекшеленеді.
Қазіргі таңда ауданда абаттандыру, жол инфрақұрылымын дамыту, жұмыспен қамту, жылу маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сай атқарылуда.
Жол инфрақұрылымын дамыту – алдымызда тұрған басым бағыттардың бірі. Жолдардың жағдайын жақсартуға жылдан жылға көңіл бөлініп келеді. Мәселен былтыр 4 магистралдық және 53 қалаішілік көшелерге асфальт төселсе, биылғы жоспар ауқымды. Жалпы 86,4 шақырымды құрайтын 132 көше жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Оның ішінде, 99 көшеге асфальт қабаты төселіп, пайдалануға берілді. 33 көшеде жұмыс жалғасып жатыр.
2021 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында 18 көшенің 20,9 шақырымы жарықтандырылды. 2022 жылы 34 көшені (51,1 шақырым) жарықтандыру жоспарда. Бүгінде 18 көшеде бұл жұмыстар толық орындалды.
Сондай-ақ, аудан аумағында күз, көктем мезгілдерінде жауын-шашын салдарынан су басудың алдын алу мақсатында өткен жылы 14 мекенжайда 3,3 шақырым ирригациялық арықтар орнатылды. Биыл жауын-шашын шамадан тыс жауып, 52 мекенжайда су көлдеу жағдайы анықталды. Су басудың алдын алу бойынша бірінші кезекте 7,3 шақырымды 21 мекенжайға ирригациялық арықтар орнату жоспарланып, бюджеттен қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Профиленд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан Қызғалдақ көшесінде жұмыстар атқарылуда.