Шымкент қаласында 28 балабақша ашу жоспарланып жатыр, деп хабарлайды jetpisbai.kz. Бұл туралы Шымкент қаласы білім басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қалалық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту жоспары 86,2% белгіленген. 2021 жылы 22 балабақша ашылып, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту жоспары толығымен орындалған. 2022 жылға қаладағы 577 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде кезекте тұрған 86 811 баланың – 88,9%-ы (77 134 бала) қамтылған. Оның ішінде, 3-6 жас аралығындағы 54 288 бала – 100%, 2-6 жас аралығындағы 75 208 баланың 90,9% (68 420 бала) қамтылған. Ал, 2022 жылға 2-6 жас аралығында қамту жоспары — 76,2%, 3-6 жас – 100% орындау жоспарланған.
Аталған бағытта балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативіне сәйкес, 2022 жылға әр балаға 41 197 теңге болып белгіленіп, 35 миллиард 665 миллион теңге қаржы қаралды. Ал, өткен жылы әр балаға 37 527 теңгеден белгіленіп, жалпы 29 миллиард 946 миллион теңге қаржы қаралған. 2022 жылы 3 457 орынға мемлекеттік тапсырыс берілді. 2 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізу үшін 697,2 миллон теңге қаржы қаралды. Енді 2 480 орынға лайықталған 28 балабақша ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, мемлекеттік балабақшаларға толығымен бейнебақылау жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, балабақшаларды лицензиялаудың басталуы 2024 жылға жоспарланып отыр. Бұл дегеніміз, мектепке дейінгі ұйымдарға жұмысты сапа стандарттарына сәйкестендіру үшін уақыт беріледі. Балабақшаларды лицензиялау кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде енді ашылып жатқан мектепке дейінгі ұйымдар лицензия алады. Одан соң қайта мемлекеттік аттестаттаудан өте алмаған мектепке дейінгі ұйымдар, содан кейін барлық жұмыс істеп тұрған ұйымдар лицензияланады.
Балабақшаларды лицензиялау 2011 жылы тоқтатылған болатын. Ол кезде бұл балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінгі күні балабақшамен 100 пайызға дейін қамтуға қол жеткіздік. Шымкент қаласы бойынша 577 мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс жасайды, оның 72-і мемлекеттік және 505-і жекеменшік.