Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » «ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫ» — ЕЛІМІЗДЕГІ БІРДЕН-БІР СӘТТІ ЖОБА

«ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫ» — ЕЛІМІЗДЕГІ БІРДЕН-БІР СӘТТІ ЖОБА

Шымкентте жастар арасындағы «Шымкент Жастар Лигасы» жобасы жылма-жыл өтіп келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту бойынша берген тапсырмасы негізінде Шымкент қаласы әкімінің қолдауымен өтетін бұл спорттық сайыста қаладағы білім беру ұйымдарынан 500-ден астам команда жасақталып, 6 мыңнан астам оқушы бағын сынапты.
«Шымкент Жастар Лигасы» жобасы жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, жаппай спортқа баули отырып салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылады. Негізінен футбол, волейбол, баскетбол, шахмат сынды спорттың 4 түрінен тұратын сайысқа жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жастары және жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары қатысады.
Сайыс ережесі бойынша әр ауданға қарасты мектептер төрт топқа бөлініп, өзара жарысып,топ жеңімпаздары анықталады. Аудандардағы ойындардан соң өз тобынан жеңімпаз болып шыққан командалар финалдық бәсекеде бағын сынайды. Нәтижесінде, жарыс жеңімпаздары анықталып, марапатталады. 4 спорт түрінен бірінші орын алған мектеп командаларына 20 млн. теңгеден беріледі. Жалпы жобаның жүлде қоры — 80 млн теңге.
Айта кетейік, аталған спорттық жарыс мегаполис әкімі Мұрат Әйтеновтың идеясымен ұйымдастырылған болатын. Екінші жыл қатарынан өткен Шымкент Жастар Лигасы еліміздің өзге өңірлерінің де қызығушылығын тудырыпты.
-Жастарды жаппай спортқа тарту мақсатында ұйымдастырылған жобаға расында өзге қаладағы әріптестеріміз де қызығушылық білдіріп жатыр. Мәселен, Жамбыл облысы мен Алматы қаласының ниет білдіргені біз үшін қуаныш,– дейді Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Мағжан Исахов.
Жобаның бір ерекшелігі, мемлекет қазынасына салмақ салмаған. Тек шымкенттік кәсіпкерлердің демеушілігімен іске асырылды. Нәтижесінде, алты мыңдай жас бос уақытын тиімді ұйымдастырып, спортпен айналысты. Ал спорттық жарыстарға төрешілік жасау және ұйымдастыру үшін 400-ге жуық дене шынықтыру және спорт саласының мамандары жұмылдырылды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*