Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Жас келсе — іске

Жас келсе — іске

Шымкент қаласы Полиция департаменті «Біздің полиция» жобасын жалғастырып жатыр. Кезекті кейіпкеріміз — өз міндетін мінсіз атқарып жүрген Ішкі істер органының жас маманы Серік Мұратұлы Жантаев.
Анықтау қызметі полициядағы жауапкершілігі жоғары жұмыс болып табылады. Орын алған қылмысқа байланысты барлық материалды жинап, куәгерлер мен жәбірленушілерден сұрастырып, ең бастысы күдіктіні айнытпай анықтау міндеті жүктелген.
Бүгінгі кейіпкеріміз осы сынды қырағы қасиеттерді бойына тоғыстырған әрі жауапкершілікті жұмысты атқарып жүрген Шымкент ҚПД Абай АПБ анықтаушысы, полиция аға лейтенанты — Серік Жантаев 19 жаста. Жас полицей Қарағанды қаласындағы Б.Бейсенов атындағы Заң академиясын бітірген. Жоғары білім алған ол жастайынан құқыққорғау саласында еңбек етуді мақсат еткен. Мақсаты алға сүйреп, бүгінде жаны қалаған салада еңбек етіп жүр. Қазіргі кезде Абай АПБ-да анықтаушы қызметіндегі Серікті заманға сай жас буынның, жаңаша идеяның бастамашысы ретінде тануға әбден болады.
«Бала кезімнен полиция мамандығын құрмет тұттым. Армандадым. Өзіме қалайда полиция қызметкері боламын деген мақсат қойдым. Біздің әулетте ешкім құқыққорғау органында жұмыс істемеген. Әулетіміздің ішінен мен ғана осы саланы таңдағанмын. Сондықтан, сүйікті ісіме барынша көңіл бөліп, ешқандай тірлікті ертеңге қалдырмауға тырысамын», — дейді полиция аға лейтенанты.
Айта өтетін ақпарат, анықтау — бұл сотқа дейінгі іс-әрекеттерге жататын, ҚР Қылмыстық кодексінде белгіленген әрекеттердің негізгісі. Ал оны атқарып, жүзеге асыратын — анықтаушы. Анықтаушы өз кезегінде ҚР заңдарына сүйене отырып қылмысты, қылмысты жасаған адамдарды анықтайды. Ұрлық, алаяқтық, жол-көлік оқиғасы бойынша денсаулығына орташа деңгейдегі зиян келген оқиға секілді қылмыстарды ашумен, анықтаумен айналысады. Осыны ерекше ескерген тәртіп сақшысының өз қызметіне деген жауапкершілігі күн санап артып жатқаны қуантады.
Дана халқымыз «Жас келсе — іске» деген. Сол себепті Серік Мұратұлы бойындағы бар жігерін, отаншылдығы мен парасаттылығын, қабілет пен біліктілігін сүйген мамандығында қолданып, еліне деген адал қызмет етуді жалғастырады деген сенім мол.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*