Бүгін «Түркістан — Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Нұржахан Абуованың қатысуымен мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және адал еңбек қағидаттарын қалыптастыру мақсатында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің ұжым қызметкерлеріне ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жиында Н.Абуова бүгінгі күні мемлекет саясатында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің салдарымен емес, туындау себебімен күресуге айрықша басымдық берілгенін баса атап өтіп, 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге бағытталғанын жеткізді.
Сондай-ақ, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті» екенін тілге тиек етіп, ұжым қызметкерлерін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуда жұмыла жұмыс жасауға шақырды.
Сондай-ақ, 2021 жылдың 31 мамыры күні бекітілген Үкіметтің №358 қаулысына сәйкес, қазіргі таңда мемлекеттік органдардың жұмысын тұрақты жетілдіру мақсатында қолға алынған Жобалық басқарудың «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» деп аталатын жобалық бағытымен таныстырып, негізгі бағыттарын ортаға салды.
Жиын соңында ұжым қызметкерлерінің назарына облыс аумағындағы мемлекеттік мекемелерде орын алған сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары бойынша әзірленген арнайы бейнеролик ұсынылды.