Бүгінде оқу жылы аяқталып, #мектеп жасындағы балалар түгел дерлік демалысқа шықты. Олардың біразы жазғы демалыста түрлі үйірмелерде, лагерде жалғастырса, көпшілігі отбасындағы шаруаға қолқанат болумен шектелген.
Дегенмен, назардан тыс қалып жататыны да жоқ емес. Кәмелет жасына толмаған балалардың қайда жүргені, кімдермен байланыста болғаны, бос уақытында немен айналысатыны өте маңызды. Бұл жөнінде Сайрам Ауданының әкімдігі жанынан құрылған кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Бұл жиынға комиссия мүшелері, аудандық полиция басқармасының қызметкерлері, аудандық адами әлеуетті дамыту және ішкі саясат бөлімдерінің мамандары мен мектеп директорлары қатысты.
Комиссия төрағасы, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Мадияр Оразалиев күн тәртібінде қаралатын мәселелерді таныстырды.
Балалардың құқығын қорғау, мектеп оқушыларының жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бос уақытын дұрыс ұйымдастыру және ювиналды полиция тобының есебіне тіркелген және «тәуекел» тобында тұрған балаларды лагерьлерге және түрлі спорттық секцияларға кеңінен тарту мәселелері талқыланды.
– Бүгінгі отырысқа қатысушылар! Баршаңыз жастармен жұмыс жүргізесіздер әрі ата-анасыздар. Балалардың отбасыларындағы және қоғамдағы құқығын қорғап, құқықбұзушылық әрекеттерге бармауына көңіл бөлейік. Жақсы тәрбие, терең білім алуына бірге қызмет етейік. Әрқайсыңыз өз аумағыңыз бойынша балалардың жағдайын тұрақты түрде зерделеп, олармен пікірлесіп, отбасыларымен жете танысыңыздар. Бейуақыт көшеде жүрмесін. Кәмелетке толмай кафеде, басқа да жұмысқа жалданып, құқығы тапталып жүрмесін. Төтенше жағдайдың немесе басқа да жайсыздықтың құрбанына айналмасын. Осы бағытта жұмысты жандандырайық, — деді Мадияр Мұхтарұлы.
Жиын барысында аудандық құқық қорғау органы, Жастар орталығы, басқа да бөлім қызметкерлері, психологтар, БАҚ өкілдерімен бірлескен рейдтік іс-шаралар ұйымдастыру жайы сөз болды.
Аудандық әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметіне аталған бөліммен бірге мектептерде суицидтің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға талдау, зерделеу жүргізіліп, жұмыс барысын баяндау тапсырылды.
Ал аудандық Полиция Басқармасы қоғамдық орындар мен көшелерде құқықтық тәртіпті және азаматтардың, соның ішінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға қатысты жол көлік оқиғаларының алдын-алу жұмыстарын күшейтетін болды.