Бүгін Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Қазақстан Полициясына 30 жыл» мерекелік іс-шарасы өтті.
Іс-шараға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушысы М.Оразалиев, ауданның құқық қорғау және құзырлы органдардың басшылары, аудандық полиция басқармасына қарасты қызметкерлер мен ардагерлер қатысты.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталған жиынға қатысушылар жергілікті құқық қорғау органында қаза тапқан қызметкерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Өз кезегінде Мадияр Мұхтарұлы полиция қызметкерлері мен ардагерлерін құттықтап, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін уақытпен санаспай, жауапты қызмет атқарған тәртіп сақшыларына ризашылығын білдірді.
– Тәуелсіздік жылдары ел іргесінің сөгілмей, бүтіндігіміздің сақталуына, ауданның дамуына барынша қызмет етіп келесіздер. Әрдайым антқа адал болып, ел қорғаны деген атақ-абыройға ие болыңыздар, — деген М.Оразалиев белсенді еңбегі үшін бірқатар полиция қызметкеріне алғыс хат тапсырды.
Салтанатты жиынға аудан прокуроры, аға әділет кеңесшісі Д.Тлемисов, аудандық мәслихаттың хатшысы Ш.Халмурадов және «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының Атқарушы хатшысы А.Әбдіқадіров та қатысып, полиция қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Сайрам ауданының Бас полицейі Бауыржан Зиятаев кәсіби мерекемен құттықтап, салаға айрықша еңбегі сіңген ардагерлерге құрмет көрсетті.
Аудандық полиция басқармасының бастығы мерекелік жиынның құрметті қонақтарына «Қазақстан Полициясына 30 жыл» мерекелік медалін, облыс әкімінің марапатын табыстады.
Бұл күні аталған басқарманың жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Байдаулетов Талғат Оңласынұлына Қазақстан Республикасы Ішкі істер бұйрығына сәйкес, подполковник шені берілді.
Іс-шара соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған патриоттық ән мен биге, концерттік бағдарламаға ұласты.