Бүгін судья және сот қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер күніне және Қазақстан полициясына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған аудандық спартакиаданың ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, Отырар аудандық сотының төрағасы Марат Ақмырзаұлы мен аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, подполковник Ермек Усербаевтар қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханұлы мемлекеттің тұрақтылығы мен тыныштығын сақтауда және қоғамның дамуы жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан құқық қорғау саласының мамандары мен мемлекеттік қызметшілердің қоғамда алар орны ерекше екенін атап өтті.
Ол өз сөзінде: «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясына орай Президентіміздің «Еліміздің болашақта гүлденуі бүгіннен басталады» атты Жолдауындағы 4-ші бөлімі азаматтарымыздың салауатты өмір сүруіне арналғаны барлығыңызға белгілі. Осы орайда қасиетті ауданымыздағы жастар мен жасөспірімдерді салауатты өмір салтына баулу, бұқаралық спортты дамыту бағытындағы бүгінгі шараның рөлі орасан зор. Ендеше бүгінгі төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тілеймін»,-деді.
Одан әрі мемлекеттік қызметшілер мен сот мамандары және полиция қызметкерлерінен құралған командалар сап түзеп, жарысты бастап кетті. Айта кету керек жарысқа қатысушы командалар спорттың үстел теннисі, бильярд, кіші футбол ойындары бойынша бақтарын сынайды. Жеңімпаз командалар мен қызметкерлері арнайы сыйлықтармен марапатталады.