Көші-қон – адамдардың тұрғылықты мекенінен әр түрлі себептермен басқа жерге қоныс аударуы, көшіп-қонуы. Осындай азаматтармен арнайы жұмыс жасайтын полиция қызметкерлерінің жұмысы да жүйелі түрде жүргізілуде.
Мәселен, Мақтаарал ауданы полиция бөлімінің Көші-қон қызметі тобының қызметкерлері рейдтік шара ұйымдастырып, нәтижесінде құқық бұзушы шетелдік азаматты анықтады. Содан соң Өзбекстан Республикасы азаматының құжаттарын тексеру кезінде, оның Алматы қаласының әкімшілік мамандандырылған сотының үкімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын білді.
Алайда шетелдік азамат жауапкершілікке тартылып, ҚР аумағынан шығуына шешім қабылданса да, заң талаптарын орындамаған. Аталған жайт ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы 1-бөлігі «Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау» бойынша тіркеліп, хаттама толтырылып, жинақталған іс құжаттар Мақтаарал аудандық сотына жолданды.
Түркістан облысының полицейлері орын алған құқықбұзушылықты анықтап қана қоймай, шетел азаматтары және жұмыс берушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізеді. Сонымен қатар көші-қон қызметі туралы заңдылықтарды сақтау бойынша ескерту жасалды.