Шымкент қаласында «Алтынға бергісіз – Алаша» этнофестивалі басталды, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған фестивальде көне алаша мен ұлтымыздың тоқыма үлгілері, жіп иіруге арналған ұршық, өрмек түрлерін қолданатын шеберлік сағаты өтеді.
Ұлттық құндылықты ұлықтаған іс-шараны қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұйымдастырып отыр. Алаша фестиваліне Шымкент қаласымен қатар, іргелес Түркістан облысы және Нұр-Сұлтан, Тараз қалалары мен Атырау, Қызылорда облысынан қолөнер шеберлері келді.
Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы міндетін атқарушы Дамир Жүнісов қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Ол қазақ халқының тыныс-тіршілігінде қолөнердің мәні жоғары болғанын атап өтті.
–Бүгінгі алаша фестивалі ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан алтын өнерді жарқырата түседі. Көздің жауын алатын дүниелер халқымыздың дүниетанымын айғақтайды. Бүгінгі шараға жиналған қолөнер шеберлеріне табыс тілеймін. Іс-шараға еліміздің түрлі аймақтарынан 10 шебер қатысуда. Қолөнердің осы түріне қызыққан кез келген қала тұрғыны екі күн бойы шеберлік сабағын алуға болады. Қазір іс-шараны республикалық деңгейде ұйымдастырсақ, алдағы уақытта халықаралық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз, -деді Дамир Жүнісов.
Мұнан кейін, әр өңірден келген ісмерлер алаша тоқудан шеберлік-сабағын өткізді. Шеберлер алаша тоқу үшін жіпті иіруден бастап, дайын болғанға дейінгі үрдістің қалай жүргізетінін, оюлардың ерекшелігін баяндап берді. Түсіндіру барысында қала тұрғындары алашаның қыр-сырын үйреніп қана қоймай, практика ретінде ұлттық бұйымды өз қолдарымен тоқып көрді. Фестиваль екі күнге жалғасады.