Шымкент қаласының Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Конститутция күніне» орай «Конституцияға енгізілген өзгерістер аясында жаңа саяси реформалардың перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды «jetpisbai.kz» ақпараттық агенттігі. Жиынға Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Қайрат Анарбаев және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Еліміздің Ата Заңының қабылданғанына биыл 27 жыл толды. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, ашық әрі әділетті қоғам құруға жол ашып отыр. Азаматтардың құқықтарын қорғаудың конституциялық тетіктері күшейе түсті.
Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертіп, бүкіл қоғамның дамуына тың серпін берері анық.
Қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов Конституциялық реформалардың бәрі де халық үшін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтті. Жер туралы өзгеріс, конституциялық соттың құрылуы халық көңілінен шыққанын жеткізді.
Қоғамдық кеңес төрағасы халықтың құқықтық сауатын арттыруда ақпараттық-насихаттық жұмыстар жандана түсетінін айтты
— Жаңа саяси реформалардың перспективаларын Қоғамдық кеңесте талқылаймыз. Білім беру ұйымдарында да бұл бағытта жұмыстар жүргізіледі. Мемлекеттік басқару жүйесінде өзгерістер басталып кетті. Халық саяси реформалардың нәтижесін, жалпы өзгерістерді күтіп отыр, — деді Бауыржан Әлтеев.
Айта кетсек, қалада ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын күшейтуде үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі артпақ.