Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ШЫМКЕНТТІКТЕР А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТТІ

ШЫМКЕНТТІКТЕР А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТТІ

Шымкентте Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «40 мысал, 40 мақал» көшпелі әдеби тіл керуені өтті. Жиынға қала әкімі М.Әйтенов, мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Жиылғандар алдымен А.Байтұрсынұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Мұрат Әйтенов өзінің құттықтау сөзінде қайраткердің қайсарлығы мен ұлтжандылығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екенін атап өтті.
— Бүгін ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірегейі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаушы, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, аудармашы, түркітанушы, педагог, ақын — Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл! Қазақ даласына терең біліммен қатар, саяси еркіндік қажет екенін терең түсінген ұлт ұстазы мемлекетшіл қайраткерге айналды. Алаш ардақтылары ұмтылған, бірақ көре алмай кеткен тәуелсіздікті көру, іргесін нығайту осы тұрған буынның маңдайына жазылған екен. Егемендігіміз баянды, елім деген ерлеріміздің еңсесі биік болсын!- деді.
Іс-шара барысында ақынның өлеңдері оқылып, қазақ композиторларының әндері шырқалды.
Шымкентте өткен жылы Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаштың жеті арысына арналған ескерткіш кешен Орталық саябаққа орнатылды. Одан бөлек қалада Ахмет Байтұрсынов атында көше, мектеп, ескерткіш бар.
Айта кетейік, Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйектe қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Міне бүгін – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150жыл толып отыр. Ол- ақын, лингвист, әдебиетші, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, араб графикасының негізінде қазақтың төл әліпбиін түзіп, төте жазудың көмегімен «Қазақ» газетін ұйымдастырды, ұлттық журналистиканы дамытқан ұлы тұлға. Сонымен қоса, бүгін — Қазақстан халқы тілдері күні. 2017 жылы Үкімет қаулысымен Қазақстан халқы тілдерінің күні 22 қыркүйектен Ахмет Байтұрсынұлының туған күні, 5 қыркүйекке ауыстырылған болатын.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*