2022 жылдың 24-тамызында Ішкі істер мен оқу-ағарту министрліктерінің арасында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өткен бірлескен отырыста Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты М.М.Ахметжанов барлық орта білім беру мекемелерінде «Жалпы құқықтық білім беру сабағын» өткізуді тапсырды.
Осыған орай, бүгінгі білім күні мерекесінде Шымкент қаласы Полиция департаментінің басқарма, бөлім басшылармен бірге мектептерде дәрістер өткізді.
Атап айтсақ, Шымкент қаласындағы №38 Н.Оңдасынов атындағы жалпы орта мектебінде оқушылармен кездесу өтті. Кездесуде Тергеу басқармасының бастығы полиция полковнигі Дәулет Абдраманов мектеп оқушыларына құқықтық сауатттылығын арттыру бойынша баяндама оқыды.
Полиция полковнигі өз сөзінде: «Есірткі қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатын адамдардың саны жылдан жылға ұлғаюда. Заңнамада да заманның талаптарына сай өзгертілуде. Мысалы, Қылмыстық кодекске есірткі тұтынуды насихаттау мен оны жарнамалау үшін бап енгізілді. Темекі мен темекі бұйымдарын, әртүрлі темекі қоспаларын, оны қыздыру үшін қолданылатын жүйелерді, вейптер мен сұйықтықтарды кәмелетке толмағандарға сату үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Өйткені санамаланғанның барлығы онсыз да қызығып жүретін балалар үшін ұзаққа созылып кететін эксперименттердің басы бола алады. Адамды 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартуға болатынын білесіздер ме? Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 15-бабына сәйкес, 16 жас қылмыстық жауаптылыққа тартудың жалпы жасы болып табылады, алайда адам жекелеген ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағаны үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады», деп әрбір құқықбұзушылық жауапсыз қалмайтынын ескертіп кетті.
Жасөспірімдер арасында кеңінен тараған заң бұзушылықтың, қылмыстың ахуалы мысалдар ретінде келтірілді және қылмыс істегені үшін жауапкершіліктердің түрлері түсіндірілді.
Тәртіп сақшылары қазіргі кездегі қоғамдағы құқықбұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын алу жөніндегі жүргізіліп жатқан шаралар жайлы сөз қозғады. Кездесуге қатысқан оқушылар мен ұстаздар полицейлерге өз көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оған толыққанды нақты жауаптар алды.
Әрбір құқықбұзушылық жауапсыз қалмайды