Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасының әділет органдарының қызметкерлері жыл сайын 30 қыркүйекте өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Бұл – заң мәртебесі үшін қызмет етіп, сөзімен де, ісімен де әділдіктің ақ туын биік ұстап, мемлекеттің конституциялық тұтастығын қамтамасыз ететін әділет қауымдастығының барлық өкілдерін біріктіретін атаулы күн.
Биыл еліміздің әділет органдарының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Кеңес Одағы кезеңіндегі әділет құрылымдары тәуелсіз Қазақстанның әділет органдарының қалыптасуының негізі болды. Жаңа заманның талабына сәйкес еліміздегі құқықтық жүйені, сондай-ақ, әділет саласын реформалау қажет болды.
Әділет органдары қызметінің халық үшін маңызы күн өткен сайын артып келеді. Мемлекеттік орган қызметінің стратегиялық бағыттарының бірі – азаматтардың құқықтық санасын арттыру, құқықтық үгіт-насихат көлемін және сапасын арттыру.
Заң үстемдігін қалыптастыру – халықтың құқықтық мәдениетін дамытумен қатар жүретін процесс. Құқықтық тәрбие – бұл құқықтық нигилизмге қарсы тұру және жеке тұлғаны қалыптастыру процесін қамтамасыз ету үшін мемлекет пен қоғамның құқықтық сананы және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен жетілдірудің мақсатты және жүйелі қызметін көздейтін іс-әрекеттің күрделі және көп қырлы жүйесі. Елімізде құқықтық мемлекет құру процесінде құқықтық тәрбие мәселелері үлкен маңызға ие.
Қазір елімізде алаяқтық түрлері белең алып барады. Әсіресе, интернет алаяқтыққа тап болған зардап шегушілер күннен күнге көбейіп отыр. Цифрландыру біздің өмірімізге дендеп еніп келеді. Әрине, бұл – озық елдерден қалыс қалмауға, тез дамуға мүмкіндік беретін процесс. Дегенмен, бұл тың жүйенің артықшылықтарымен қоса кемшіліктері де көп. Артықшылығы – қағазбастылықты болдырмай, уақытты үнемдеуінде. Ал кемшілігі – бүкіл деректерді қолға түсірген онлайн алаяқтардың көбейіп кеткені, сол арқылы елге зияны тиеді. Қарапайым халық олардың тұзағына тез ілігеді. Ал мұның алдын алу үшін жеке ақпаратқа мұқият болу қажет. Полиция қызметкерлері азаматтарға күдікті қоңырау түсіп, белгісіз нөмірден хабарлама алғанда бірден банкке хабарласып, мән-жайды білу керегін ескертеді. Банктің сенім телефонына қоңырау шалып, ақпараттың растығын анықтап алудың еш артығы жоқ екенін алға тартады. Жалпы, алаяқтықты ауыздықтаудың жолы қандай? Киберқылмыстың алдын алу үшін қарапайым халық нені білуі керек?
Бұл ретте, ең алдымен, азаматтардың құқықтық сауаттылығының жоғары болуы маңызды. Азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттыру, азаматтар бойындағы заңға құрмет сезімін ояту мәселелері тек Әділет министрлігінің ғана емес, сонымен бірге, барлық басқа мемлекеттік органдардың стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан құқықтық түсіндіру жұмыстарына, сондай-ақ оны жаңа сапалық деңгейге көтеру үшін нормативтік-құқықтық актілерге ерекше назар аударылады. Құқыққа, заңға деген оң көзқарасты қалыптастыру, азаматтардың мемлекет пен қоғам алдындағы өз құқықтары мен міндеттерін білуі басты міндет болып табылады. Қазіргі әлемдегі елдің қарқынды дамуының шарты – ең алдымен заң үстемдігін қалыптастыру. Себебі, бұл құқық пен бостандықтың сақталуының кепілі ғана емес, сонымен қатар, елдің инвестициялық тартымдылығының, өркениеттілігінің, даму қарқынының басты көрсеткіші болып табылады. Ал бұл үдеріс халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастырумен тікелей байланысты.
Нұржан МАХАМБЕТОВ,
Шымкент қаласы Әділет департаментінің басшысы