Қалада қолжетімді спортты дамыту, спорттық секцияларды жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасы бойынша да бірқатар жұмыстар жүзеге асты. Шымкентте 2021 жылдың II-жартыжылдығынан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда. Биыл жобаға мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға жергілікті бюджеттен 2 323,0 млн. теңге қаржы бағытталып, спорттық секцияға 14 000 баланы қамту жоспарланған болатын. Қазіргі таңда ата-аналардан 22 спорт түрі бойынша (186 спорттық секция) жалпы саны 21 286 өтінім түсіп, 14 230 баланың ата-аналарымен келісімшарт жасалды.
Осы жоба аясында 264 жаттықтырушы және 150-ге жуық басқа да қызметкерлер жұмыспен қамтамасыз етілді. Мемлекеттік спорттық тапсырыс арқылы 2023 жылы 18 000 баланы, 2024 жылы 20 000 баланы спорттық секциямен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Қолжетімді спортты дамытудың бір тетігі – «Аула чемпионаты». Жалпы қолжетімді спорт аулалардан басталады. Биылғы «Балалар жылы» аясында қаладағы мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында төрт ауданда орналасқан спорт алаңшаларында әр аптаның жексенбі күндері аудан әкімдіктерімен бірлесіп «Аула чемпионаттары» ұйымдастырылуда. Аталған спорттық іс-шарада 5-17 жас аралығындағы балалар спорттың 6 түрінен (асық ату, ләңгі тебу, баскетбол, футбол, қыздар арасында скакалкамен секіру, гимнастикалық шеңбер айналдыру) сынға түсуде. «Аула чемпионатында» жеңімпаз болған балаларға диплом, медаль және кубоктар табысталып, қатысушыларға арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Қазіргі уақытта Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарында 48 спорт алаңшада аула чемпионаттары өткен. Оған 3600-ден астам бала қатысып, 120-ға жуық спорт саласының мамандары жұмылдырылды. Спорттық іс-шара жыл соңына дейін жалғасады.
Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті бұқаралық спортты дамыту және насихаттауда мамыр айынан бастап Шымкент қаласында «Қолжетімді спорт» жобасын іске қосты. Аталған іс-шара қазір еліміздің 7 қаласында қолға алынған. Жоба қаладағы 4 саябақта (Орталық, Жеңіс, Металлургшілер және Абай саябақтары) іске асырылуда. Онда 12 жаттықтырушы спорттың 4 түрінен (скандинавиялық жүріс, үстел теннисі, каратэ, фитнес) қала тұрғындарымен жаттығу жұмыстарын жүргізуде.
Жобаның артықшылықтары – спорт секцияларына тегін қатысуға мүмкіндік, жаттығу уақытының ыңғайлылығы және жас ерекшелігіне шектеудің болмауы. Сондай-ақ, оқытуды білікті нұсқаушылар мен жаттықтырушылар жүргізеді.