1 қыркүйек – Білім күні мерекесіне де санаулы күндер қалды. Күздің алғашқы күнінде балалар алтын ұя мектебімен қайта қауышып, білім нәрімен сусындауға кіріседі. Көңілі алып ұшып, зор үміт және мол қуанышпен мектеп табалдырығынан аттаған шәкірттің алаңсыз оқуына жағдай жасау – мектеп әкімшілігі мен ата-ананың ғана емес, жергілікті биліктің де алдында тұрған мемлекеттік маңызы бар міндет. Осыған орай, Шымкент қалалық мәслихатының жуырда өткен кезекті жиырмасыншы сессиясында шаһардағы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды.
Шымкент қалалық әкімдігі білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, шаһарда оқушылардың қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Атап айтқанда, биыл 1 сыныпқа 27 800 оқушы қабылданған. Жалпы, қаладағы 203 білім ұясында 244 мыңға жуық бала білім алуда. Оның ішінде 218 мыңға жуығы мемлекеттік мектептерде, 26 мыңнан астамы жекеменшік мектептерде оқиды.
–Осыған орай мектептегі орын тапшылығын болдырмау және білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында, Шымкент қаласының 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспарының аясында 86 мыңнан астам орынға арналған 101 мектеп салу жоспарланған. Соның ішінде өткен 2021 жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп (оның 4-еуі мемлекеттік және 21-і жекеменшік) пайдалануға тапсырылған. Ал, биыл Шымкент қаласында 34 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 10-ы өткен жылдан өтпелі нысандар болса, қалған 24-інің құрылысы биыл басталған. Жыл соңына дейін 11 703 оқушыға арналған 24 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Мұның 20-сы жеке инвесторлардың есебінен салынып жатқан мектептер екенін айта кеткен жөн, – дейді Жанат Арысбекқызы.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, осы жұмыстардың нәтижесінде Шымкент қаласындағы үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейтін болады. Жалпы үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал, орын тапшылығына қатысты проблемаларды 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланған. Ол үшін 2023 жылы – 17 мектеп, 2024 жылы – 24 мектеп және 2025 жылы 19 білім ұясы салынып, пайдалануға беріледі.