Шымкент қаласында жаңа мектептерді салумен қатар, ескі ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізіп, оларды заман талабына сай қайта жабдықтауға да баса назар аударылып отыр.
Шымкент қаласы Сайрам тұрғын алабында орналасқан Ю.Сареми атындағы №107 мектеп-лицейі де күрделі жөндеуден өтуде. Екі мыңнан астам шәкірт білім алатын мектептің ғимараты 3 қабаттан тұрады. Бұл білім ошағының жылу жүйесі 11 жыл бұрын ауыстырылса, 8 жыл бұрын шатырының бір бөлігі мен бірнеше есік-терезесі ауыстырылған екен. Биыл ғимараттың тозығы жеткен тұстары бүтінделіп, шатырының 955 шаршы метрі ауысыпты. Электр жүйелері толығымен жаңарған.
Бұл мектептерде де химия, физика, биология, информатика пәндеріне арналған заманауи зертхана кабинеттері жабдықталып, қажетті компьютерлік техникалар алынған.
Айта кетейік, Шымкент қаласында мұнан бөлек тағы 4 білім беру ұйымының ескі ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп қойған. Тағы 20 мекеменің жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде екен.
Сонымен қатар қазіргі кезде мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін білім беру ұйымдарын спорт залдары және спорт алаңшаларымен қамтамасыз ету жайы да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Тарқатып айтар болсақ, қаладағы 148 орта білім беретін мектептерде 139 спорт зал және 191 спорт алаңшалары (футбол, баскетбол, волейбол) мен 3 ату тирімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде, 89 мектепте типтік үлгідегі спорт алаңшалары орнатылған.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, өткен жылы 28 мектептің ауласына типтік үлгідегі спорт алаңшалары орнатылыпты. Ал, биыл 6 мектепке спорт алаңшаларын орнатуға 249,1 миллион теңге қаржы қаралған. Бүгінгі таңда орнату жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, 2022 жылға мектептерді жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 2 миллиард 556,9 миллион теңге қаржы қаралған. Бұл қаржыға жалпы 372 кабинет (12-химия, 26-физика, 10-биология, 10-STEM, 49-АӘД, 121-медиация, 122-логопед, 22-робототехника) және 610 дана жабдықталған интерактивті панельдер орнату. көзделген. Нәтижесінде биыл мектептердегі жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтылған пән кабинеттерінің үлесі 68 пайыздан 72 пайызға артатын болады. Осылайша, Шымкенттегі мектептерде оқушылардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына барынша қолайлы жағдай жасалып отыр.