Халық арасында туындаған сұрақтарға келгенде Жанат Арысбекқызы мұғалімдерді жұмысқа қабылдау барысындағы сыбайлас жемқорлық фактілеріне қатысты пікірлерге жауап берді.
– Шымкент қалалық білім басқармасында көрсетілетін 32 мемлекеттік қызметтің 30-ы цифрландырылды. Оның ішінде мұғалімдерді жұмысқа қабылдау да бар. Осы орайда және оқытушыларға сағат бөлуде сыбайластық жемқорлыққа жол бермеу үшін басқарма тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау HR Process порталы арқылы жүреді. Биылғы ҚР оқу-ағарту министрінің №57 бұйрығына сәйкес, өзгерістер енгізілді. Бұған дейін мұғалімдерді жұмысқа қабылдағанда міндетті түрде алдымен әңгімелесу жүргізіліп, ол youtube каналы арқылы көрсетілетін. Ал биыл алдымен үміткердің бағалау парағы толтырылып, яғни, оның білім дәрежесі, санаттары, құжаттары, жетістіктері балдық жүйемен автоматты түрде хаттамаға шығарады. Ұпайы кем болған үміткермен әңгімелесу жүреді. Жоғары балл жинаған немесе жете алмағандар туралы, кімнің келесі кезеңге өткені порталда ашық жарияланады. Комиссия құрамында білім басқармасының өкілдері, мектептердің басшылары, мұғалімдер, қоғам белсенділері бар. Жақында әлеуметтік желіде «№90 мектепке өтіп тұрған орыс тілі мұғалімі туралы» пост жарияланды. Осыған орай айта кетерім, биылғы 16 тамыз күні мектеп орыс тілі мұғалімінің бос орнына конкурс жариялайды. Автоматты түрде жүйеде үздік балл жинаған маман келесі кезеңге өтеді. Бірақ, 20 тамыз күні білім басқармасына биылғы сабақ өту процесіне орыс тіліне қатысты өзгерістер енгені туралы құжат келеді. Сосын ол қабылдау тоқтатылады. Талапқа сәйкес 7 күнде шешім қабылдануы тиіс болатын. Үміткер азаматшаға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы, осы орайда дене шынықтыру пәндері санының қысқаруына байланысты туындаған сауалдарға да тоқтала кетсек. Баршамызға белгілі, биыл бұл пән ұлдар мен қыздар арасында бөлініп өткізілмейді. Дегенмен, сағат саны қысқарып, жұмыстан шығып қалған пән мұғалімі жоқ. Дене шынықтыру бойынша 1385 мұғалімде 16-20 сағат аралығында жүктеме бар. Жүктемесі толмаған осы пән мұғалімдеріне биыл енгізілген «Жаһандық құзіреттілік» пәнінің сағаттары берілді. Оған қоса жекеменшік мектептерде дене шынықтыру пәні бойынша 113 орын ашылды, – деді