Бүгін Түркістандағы «Ақжайық» музыка мектебінің концерт залында Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған «Ата заңым –айбыным» мерекелік іс-шарасы өтті. Салтанатты жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев жұртшылықты мерекемен құттықтады.
– Баршаңызды Конституция күнімен құттықтаймын. Ата Заңымызбүкіл жарқын істерім іздің қайнар бастауына айналды. Конституция – еліміздің алтын қазығы. Ынтымағы жарасқан еліміздің бағдары. Конституцияны бұлжытпай орындау нәтижесінде еліміз өзін демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет ретінде орнықтырды. Ата заңымыз алдағы уақытта де мемлекетіміздің саяси және экономикалық тұрғыда қарыштап дамуының кепілі боларына сенімдіміз. Дамуымыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңды құрметтеу – біздің міндетіміз әрі парызымыз, – деген облыс әкімінің орынбасары еңбегімен дараланған бір топ азаматты облыс әкімдігі атынан марапаттады.
Мерекелік іс-шара Түркістан облысының танымал өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Рухты көтеретін әндер шырқалып, патриоттық шығармалар ел назарына ұсынылды. «Семсер» дуэті «Түркістан» әнін шырқаса, Дінмұхаммед пен Дана, Түркістан қалалық мәдениет үйінің әншілері және «Би сұлтан» би тобы да көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.