Конституция мерекесіне орай Түркістан облысы Полиция департаментіне филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Сейдулла Садықов пен Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, ІІО-ның ардагері Бақытжан Бейсембаев арнайы шақыртылды. Жиынға жеке құрам қызметкерлері қатыстырылды. Себебі шараның негізгі мақсаты — «30 тамыз-Конституция» күні мерекесінің тарихы мен маңызын полиция қызметкерлеріне баяндау арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау.
Конференция барысында ұлағатты ұстаз С.Садықов полиция қызметкерлеріне арнайы баяндама оқыды. Елдегі конституциялық құрылысты қорғаудағы және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі ішкі істер органдарының рөлі туралы айтты. Ол: «Тәуелсіздіктің тұғырлы, Конституцияның бекем болуына құқық қорғау органдарының үлесі зор. Ішкі істер саласында қызмет ететін сіздерге үлкен алғыс білдіремін. Ел үшін жанын берер нағыз маман екендіктеріңізге көзіміз талай рет жетіп келеді. Ел басына күн туғанда, ең алғаш болып бас көтеретін сіздерсіздер.
Сіздердің ел арасында мәртебелеріңіз биік болғанын қалаймын. Осы тұста сіздерді «30 тамыз – Конституция күнімен» құттықтаймын!» — деп атап өтті. Бас қосу кезінде полицейлер профессорға өз сауалдарын жолдап, тұщымды жауаптар алды. Елдің дамуы мен өркендеуі, қылмыссыз қоғам мен қауіпсіздік туралы да кеңінен әңгіме өрбіді.
Жалпы полиция қызметкерлерінің атқаратын шаруасы, жауапкершілігі орасан зор. Еліміздің тыныштығы мен татулығы, жас ұрпақтың тәрбиесі мен тәртібінің жоғары деңгейде болуы — полицейлердің қарқынды жұмыс жасап, ел болашағына алаңдауынан көрініс таппақ.