Түркістан қалалық ПБ-ның кезекші бөліміне қала тұрғындарының бірі шағымданды. Оның айтуынша кешкі уақытта белгісіз тұлғалар үйіне кіріп, ақша, алтын бұйымдар мен басқа да бағалы заттарын ұрлап кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді. Жәбірленушіге 1 400 000 теңге шығын келген.
Ұрлық қылмысын ашу мақсатында түркістандық тәжірибелі қызметкерлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер қылмыс болған жерді мұқият тексерді. Куәлармен сұхбаттасып, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Жақын маңдағы барлық көшелер мен аулаларды аралады.
Екі тәуліктен кейін жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері ұрының ізіне түсіп, күдіктіні ұстады. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай күдікті үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, жәбірленушінің үйіне терезе арқылы кіріп, сол жерден құнды заттар мен ақшаны ұрлап кеткен. Содан кейін күдікті алтын бұйымдарды сатып, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсамақшы болған. Қазіргі уақытта күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары оның басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде. Полицейлер азаматтарға қырағы болуға және үйлерін қараусыз қалдырмауға кеңес береді.