Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Учаскелік полиция инспекторы өрт кезінде мүмкіндігі шектеулі ер адам мен 5 жасар кішкентай қызды құтқарған

Учаскелік полиция инспекторы өрт кезінде мүмкіндігі шектеулі ер адам мен 5 жасар кішкентай қызды құтқарған

«Өрт орын алған пәтердің ішіне полиция капитаны Олжас Ерсұлтанов кіріп, үйде төсек тартып жатқан мүгедек ер адам мен 5 жас шамасындағы қыз баланы құтқарып алып шықты. Содан кейін полиция қызметкері өрт сөндірушілер келемін дегенше, тұрғын үйдегі өртті жалғыз өзі сөндірді. Біз, осы аумақтың тұрғындары полицейдің ерлігіне куә болдық. Осыған байланысты бұл батыр полицейге алғысымызды білдіреміз. Ол осы қызметке тағайындалғалы бері ауламыз тыныш, құқық бұзушылықтар көп орын алмайды, жалпы еңбегі адал дегіміз келеді. О.Ерсұлтановтың ерен еңбегін бағалап, оны марапаттауыңызды сұраймыз!» — деп тұрғындардың ізгі лебізі жазылған хат Түркістан қалалық Полиция басқармасына келіп түсті.
Бұл оқыс оқиға туралы басты кейіпкер Түркістан қалалық Полиция басқармасының №4 учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Олжас Ерсұлтанов: «Мен күндегідей аулаларды аралап, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қызметте жүрген болатынмын. Кенет көпқабатты үйдің 2-қабатындағы пәтерден өрт шығып жатқандығын байқадым. Дереу оқиға орнына жетіп, үйге кіріп кеттім. Кірсем, пәтердің жатын бөлмесі өртеніп, іші көк түтін болып жатыр екен. Оған қарамастан, мүмкін үйде адам бар шығар, құтқаруым керек деп ойладым. Содан үй ішінде өздігінен жүріп-тұра алмайтын мүмкіндігі шектеулі ер адам мен 5 жас шамасындағы кішкентай қызды анықтап, екеуін де қауіпсіз жерге шығардым. Алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Ең бірінші мақсат жедел әрекет ету, адам өмірін арашалап қалу болды!»-дейді бейбіт күннің батыры полицей Олжас.
Өздеріңіз көріп отырғандай, полицейдің бұл ерлігін тұрғындар жоғары бағалап, өздерінің шынайы ризашылықтарын жеткізіп отыр. Шынында «Жұртқа жақын полиция қағидаты» деген ұранды алға тартқан түркістандық тәртіп сақшылары, халықпен кері байланысты нығайтуда жүйелі жұмыс атқарып келеді. Нәтижесінде осылайша тұрғындардың алғысына бөленіп, жақсы аттары шығуда. Сондықтан Түркістан облысының полицейлері тұрғындардан өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажеттілігін ескертеді.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*