Күні кеше әлеуметтік желіде өрттен мүмкіндігі шектеулі азамат пен кішкентай қызды құтқарған түркістандық полицейдің бейнежазбасы кеңінен таралып, көпшілікті тәнті еткен еді. Осыған орай аталмыш учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Олжас Ерсұлтановты, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов қабылдады. Міндетін адал атқарып, өз өмірін қатерге тіге отырып, тұрғындарды құтқарғаны үшін полиция капитаны Олжас, «Қазақстан Полициясына 30 жыл» төсбелгісі, «Алғыс хатпен» марапатталды.
Облыстың бас полицейі М.Қабденов: «ҚР ІІМ-де қызмет ететіндер үнемі қауіп-қатермен бетпе-бет келіп жатады. Алайда бүгінгінің батыры Олжас, бастысы адамның өмірі бәрінен де маңызды екенін іс-әрекетімен дәлелдеді. Жедел шешім қабылдап, тәуекелге бел буып, өзгелерге үлгі бола білді. Сондықтан бейбіт күннің батыры атанған полицейге алғыс білдіреміз. Біз сенімен мақтанамыз! Әрқашан осылай халықтан алғыс алып, абыройың асқақтай беруіңе тілектеспіз!»-деп атап өтті.
Естеріңізге сала кетсек, бұл оқыс оқиға Түркістан қаласында орын алды. Күнделікті қызметтік міндетін атқарып, аулаларды аралап, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қызметте жүрген полицей Олжас, көпқабатты үйдің 2-қабатындағы пәтерден өрт шығып жатқандығын байқаған. Содан бірден оқиға орнына жетіп, еш ойланбастан, өрт болып жатқан үйге кіріп кеткен. Кіргенінде, пәтердің жатын бөлмесі өртеніп, іші көк түтін болып жатқанын көреді. Алайда оған қарамастан, ішке еніп, үй ішінде өздігінен жүріп-тұра алмайтын мүмкіндігі шектеулі ер адам мен 5 жас шамасындағы кішкентай қызды анықтап, екеуін де қауіпсіз жерге шығарады. Полицейдің бұл ерлігін тұрғындар жоғары бағалап, өздерінің шынайы ризашылықтарын жеткізді.