Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, оның танысы қайтарымсыз 2 000 000 теңге ақша алып беремін деп, әбден сеніміне кірген. Осылайша, жәбірленушіден қызметі үшін 400 000 теңге ақша алып, алдап кеткен. Содан бері 1 жылдан аса уақыт өтсе де, ақшаны алған әйел уәдесін орындамаған.
Хабарлама келіп түскен бойда облыс орталығының тәртіп сақшылары жедел әрекет етті. Олар қылмысты ашуға бағытталған қажетті жұмыстарды жүзеге асырды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар күдікті, яғни жергілікті тұрғын, жұмыссыз әйел анықталды.
Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеріп, күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда. Ал сезіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға сақ болуды, жақын таныс емес азаматтарға, яғни жұмысқа орналастырып беремін, несие әперемін, болмаса басқа да әлеуметтік және материалдық көмектер алуға көмектесемін деушілерге сенбеңіздер деп кеңес береді.