Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында ҚР Ішкі істер органының ардагері, полиция полковнигі Мұхтар Ермековтің төрағалығымен консультативті кеңесші органның отырысы өтті. Оған ІІО-ның ардагері Оспанғазы Жанқожаев, қаламыздың құрметті азаматы Баймахан Сүлейменов, «Түркістан» газеті редакциясының бас директоры Мәлік Дәулетов, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Сейдулла Садықов және департамент бөлімдерінің, қалалық, аудандық бөлім басшылары мен жеке құрам қызметкерлері қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты – полиция қызметкерлерінің жұмысын сервистік модельге көшіру аясында жүзеге асырылатын жобалар жайлы талқылау, сондай-ақ ұрлық, мал ұрлығы және басқа да құқық бұзушылықтың алдын алу. Жиын барысында ТО ПД-нің Криминалдық полиция басқармасының полиция полковнигі Сұлтанбек Үсіпбеков алаяқтық, мал ұрлығы, бөтеннің мүлкін ұрлаудың жолын кесу мәселелері бойынша баяндама жасады. Сонымен қоса қалта ұрлығының былтырғы жылмен салыстырғанда төмендегенін жеткізді.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі А.Төреханов полиция қызметінің сервистік модельге көшуі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы баяндама жасады. Мәселен, полицейлер 900-ден аса отбасына барып түсіндірме жұмыстарын жүргізгенін айтты. Шараға қатысқандар ұрлық пен интернет алаяқтығының алдын алу мақсатында халық арасында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіріп, арнайы бейнероликтер мен үгіт-насихат жүргізіп, тұрғындарға толық ескерту жұмыстары жасалу керектігін айтты.
Сонымен қатар, Консультативті-кеңесші органның мүшелері тұрғындар арасында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды ұсынып, полицияның сервистік моделін енгізудің қағидаты бойынша азаматтармен тығыз қарым-қатынас жасаудың маңыздылығын атап өтті.