Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Жібек жолы» шекарасының бақылап-өткізу бекетінен есірткі алып өтпек болған Өзбекстан Республикасының азаматын ұстады.
Нақтырақ айтсақ, өзбекстандық тұрғын Қазақстан Республикасына өтерде, оған «Линда» атты ит белгі береді. Оқиға бойынша тәртіп сақшылары бірден тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде күдіктінің аяқ киімінің ұлтарағына жабыстырылған қара түсті пакетке салынған есірткіге ұқсас зат табылды.
Полиция қызметкерлері табылған айғақты затты тәркілеп алып, аталған жайтты ҚР ҚК-нің 286-бабы 1-бөлігі «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркеуге алды. Сараптама тағайындалды.
Зерттеу қорытындысы шетелдіктен алынған заттың «гашиш» есірткісі екенін анықтады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының тәртіп сақшылары тыйым салынған өсімдіктерді өсіру, сақтау, заңсыз есірткі саудасымен айналысу, жалпы есірткіге қатысы бар жайттар заң алдында қатаң жазаға тартылатындығын ескертеді.