Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудан-аралық сотында асқан қатыгездікпен қасақана кісі өлтіргені үшін азамат М.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп жазады «Оңтүстік Қазақстан» газетіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Істің мән-жайын тарқатып айтар болсақ, азамат М. 2022 жылдың 28 сәуірінде үйіне алкогольді ішімдік ішіп, мас болып, келген. Сөйтіп, әйелінің 5 жыл бұрын істеген сатқындықтары есіне түсіп, жұбайын қызғанышпен балаларының көзінше ұрып, тепкен. Өкінішке қарай, жәбірленуші алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.
Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарының нәтижесінде сотталушының кінәсі толық дәлелденген. Тиісінше, прокурор сотталушыны 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі ең жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтеуін сұраған.
Сотталушы кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінгенімен, жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық құқықбұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сотталушының жеке басын, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды назарға алды. Сөйтіп, сот үкімімен азамат М. 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Прокурор сұрағандай, жазасын қауіпсіздігі ең жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Айта кетейік, үкім заңды күшіне енген жоқ.