«Kazakh Tourism»ҰК» АҚ-мен бірлесе Қазақстан бойынша әзірленген «NeoNomad2022» гранд-турына Шымкент қаласынан «Shymqala» тарихи-мәдени кешені енгізілген, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы Шымкент қаласы Туризм және сыртқыбайланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров брифинг барысында мәлімдеді. Аталған жобаның басты мақсаты — Қазақстан Республикасыішінде туристер келуге ұсынылатын орындардың тізімін қалыптастыру. Туристер өз кезегінде аталған фотоспоттарда суретке түсіп (20 нысанда) «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ға жолдаса, «Қазіргі Заманғы көшпенді – NeoNomad 2022» атағын алады. Сонымен қоса, компания ұсынған заманауи бейнедегі «Kazakhstan» брендтік сағатына ие болады. Еске сала кетейік, қалалық туризм басқармасының тарапынан да Цитадельде орналасқан фотозона бойынша да конкурс басталған. Дәл сол рамкада фотоға түсіп, #VisitShymkentNeo хэштегі мен @visitshymkent, @shymkent_tourism парақшаларын белгілеп және жазылған адам арнайы бағдарлама арқылы таңдалып, сыйлыққа ие болады.
Айта кетейік, Шымкент қаласына келуші туристер саны 6 айлық көрсеткіш бойынша 216 249 адамды құраған. Ал «экспресс-статистикалық» ақпаратқа сәйкес 9 айда шаһарға 300 000-ға жуық турист келетіні күтіліп отыр. Жалпы туристерді қабылдау көрсеткіші бойынша Шымкент қаласы республикада Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейінгі үшінші орында. Шет мемлекеттерден келетін туристердің басым бөлігін Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия және Қытай азаматтары құрайды. Туристер санының артуына Шымкент қаласынан тікелей бағыттағы әуе рейстердің көбеюі тікелей әсер етеді. Оның ішінде ішкі рейстер Нұр-сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Семей және Қостанай қалалары және халықаралық бағытта Стамбул, Мәскеу, Анталия және Кутаиси қалаларына жүруде.