Сәуір айында Алматы қаласында өткен еліміздегі ең ірі «KITF» туристік көрмесінде 20 жылдыққа орай Шымкент қаласы «Best of the best», яғни «Үздіктердің үздігі» номинациясын иеленді, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Аталған көрмеге 18 елден 211 компания қатысып, нәтижесінде ынтымақтастық туралы 5 меморандумға қол қойылған. Мұндай екіжақты байланысты арттырып, ішкі және сыртқы туризмді дамыта, туристік ағынды арттыратын кездесулер қатары жалғаса бермек. Іскерлік мақсатта келушілер үшін орналастыру орындарының саны да жеткілікті. Яғни, қалада орналастыру орындарының санының артуы байқалуда. Бүгінгі күні Шымкентте біржолғы сыйымдылығы 5 504 төсек-орынды құрайтын әр түрлі санаттағы 140 орналастыру орны қызмет көрсетеді. Қазірде 4 жаңа қонақ үй ашылса, жыл соңына дейін тағы 7 қонақ үйдің іске қосылуы жоспарланған.
Мәселен, бүгінде орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі 1 627 072,1 мың теңгені құрап, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 127%-ға артқан. Одан өзге, туристік орындардың инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында Қаратау ауданы әкімдігімен бірлесе Сайрам тұрғын алабында орналасқан «Ибрагим ата» және «Қарашаш ана» кесенелерінің аумағын абаттандырудың эскиздік жобасы әзірленген. Жобаға сәйкес, кесенелердің аумағында туристерге қолайлы жағдай жасау, атап айтқанда кіре беріс, көлік тұрағы мен дәрет алу орындарын ретке келтіру, жан-жағын көгалдандыру, бастырмасы бар орындықтар қою қарастырылған.
Сондай-ақ, туристердің өңірде болу жайлылығын қамтамасыз етіп, ақпараттық қолдау көрсету мақсатында Сайрам тұрғын алабында орналастыратын стенд-карта әзірленуде. Жалпы, ресми статистикаға сәйкес, 2022 жылдың 3 айында Шымкентке 97 501 адам келіп, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан кейінгі үшінші орынға ие болған. Тізім бойынша кезекте Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Маңғыстау, Қарағанды және Түркістан облыстары бар. Оның 90 мыңнан аса азаматы Қазақстан тұрғындары болса, 7000-нан аса турист шетелден келген. Еліміздің үшінші мегаполисіне келушілердің басым бөлігі Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан және Ресей елдерінен сапар жасаған. «E-qonaq» жүйесіне тіркелу мәліметіне сәйкес, олар жеке, туристік, кәсіптік және іскерлік мақсаттарда Шымкент қаласына саяхат жасаған. Ал, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, Шымкентке келуші саны 71 156 адамды құрап, еліміз бойынша 5 орынды иемденген болатын.