Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » «БАЛАБАҚША ТӘРБИЕШІЛЕРІНІҢ ЖАЛАҚЫСЫН КӨБЕЙТІП, ЖҮКТЕМЕСІН АЗАЙТУ КӨЗДЕЛІП ОТЫР»

«БАЛАБАҚША ТӘРБИЕШІЛЕРІНІҢ ЖАЛАҚЫСЫН КӨБЕЙТІП, ЖҮКТЕМЕСІН АЗАЙТУ КӨЗДЕЛІП ОТЫР»

«Келесі жылдан бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көбейтіп, жүктемесін азайту көзделіп отыр. Себебі, балабақша — білім беру саласының іргетасы. Сонымен қатар, балалардың тамақтану нормативі мен балабақшаға орналасу кезегі де қайта қаралады». Бұл туралы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағанбетов Шымкент қаласының білім саласының өкілдерімен кездесу барысында мәлімдеді.

Еліміздің бас ұстазы өз баяндамасында мектепке дейінгі оқыту және орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру, балалардың құқығын қорғау мен педагог мәртебесі жайында сөз қозғады.

— Елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, бүгінде мектеп мұғалімдерінің қосымша жүктемесі азайтылды. Яғни, әр мұғалім бір жұмыс күнінде екі құжатты ғана толтырады. Оның бірі – сабақ жоспары, екіншісі – сыныптың оқу журналы. Алайда, мұғалімдер сыныптағы 4-5 дарынды оқушыны ғана бағалап, оқытпай, үлгерімі төмен оқушылармен жұмысты күшейтуі керек. Сынып жетекшілері баланың ата-анасымен жұмыс істеп, сабақ үлгерімінің төмендеу себебін анықтаған жағдайда, білім сапасының да артатыны сөзсіз. Мен бұл тұста, еліміздегі Білім-инновация лицейлерінің ата-анамен жұмыс тәжірибесін қолдаймын. Сондай-ақ, білім сапасын арттыру мақсатында мектеп директорларының ротациясы да өз нәтижесін беріп отыр. Шымкент қаласы алғашқылардың бірі болып ротация жұмыстарын жүргізді. 20 жылдан астам бір мектепті басқарған кісілердің ротацияға деген кереғар көзқарасын да білеміз. Дегенмен, білім сапасын арттыру үшін қажетті тәжірибенің бірі. Биыл республиканың барлық өңірінен 1000 мектеп директорын ротациялау жоспарланған болса, бүгінге дейін оның 700-і ауысып үлгерді. Алдағы уақытта бір мектептің басшылығындағы қызметі 7 жылдан асқан жағдайда ғана ротацияланады, — деді Асхат Қанатұлы.

Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрі А.Аймағанбетов алдағы уақытта өңірлерде салынатын мектептердің жай-күйіне, мұғалімдердің жұмысқа орналасу мәселесіне тоқталды. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқанның жүргізуімен өткен жиын сұрақ-жауап негізінде жалғасты. Кездесуге келген мұғалімдер мен мектептердің қамқорлық кеңесінің төрағалары, колледж оқытушылары саладағы көкейтесті сауалдарын жолдады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*