Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының жұртшылығымен кездесті, деп хабарлайды jetpisbai.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының жұмыс сапары Шымкент қаласында жалғасты. Жергілікті жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде Президент Шымкентті еліміздегі табиғаты да, тұрғындарының ықылас-пейілі де ерекше ыстық жердің бірі ретінде атап өтті.
– Қазақ руханиятында Шымкент шаһарының орны бөлек. Бұл – ұлт дәстүрінің берекелі бесігіне айналған қала. Сондай-ақ қазақы қасиет пен ыстық ықыластың символы. Бұл – үздік мәдениет пен ұлттық этикеттің тоғысқан жері. Ұлыларды ардақтау, үлкенді сыйлау – сіздердің басты ұстанымдарыңыз. Шымкент – ұлтымыздың өсіп-өнген, көктеп-көбейген мерейлі мекені. Сондықтан мен шырайлы қаланың халқын Жерұйығын тапқан жұрт деп сеніммен айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шежірелі шаһардың кемінде 2200 жылдық тарихы бар екенін айтқан Мемлекет басшысы оның ЮНЕСКО деңгейінде расталған дерек екенін еске салды. Президенттің айтуынша, Шымкент республикалық қала мәртебесіне ие болғаннан бері көптеген оң өзгерістер болды. Атап айтқанда, қаланы дамытуға 170 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оған қоса 1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Қала бюджеті 4 есе өсіп, өнеркәсіп өнімі 65 пайызға артқан. Сондай-ақ аумағы 2,5 миллион шаршы метрден асатын тұрғын-үй салынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев шаһарды еліміздегі төрт хаб-қаланың біріне айналдыру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын айта келіп, Шымкентті өркендетуге қатысты бірқатар мәселеге арнайы тоқталды.
Ең алдымен, Мемлекет басшысы өндірісті дамыту, индустриялық аймақтарды жетілдіру үшін қала экономикасын әртараптандыруға және отандық өнім шығаруға баса мән беріліп жатқанын жеткізді. Президент келесі мәселе ретінде ауыл шаруашылығын өркендетуге тоқталып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті. Бұдан кейін Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне назар аударды. Атап айтқанда, Шымкентте кәсіпкерлікті қолдау үшін «Іскер қала» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 40 пайызға жеткен.
– Бұл – жақсы көрсеткіш. Осы салада 180 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Осы тұста Шымкент халқының іскерлігін айрықша атап өткім келеді. Жалпы, оңтүстік халқы қашанда еңбекқорлығымен танымал болған. Бұл қасиеттеріңіз – көпшілікке үлгі-өнеге. Халқымыз «Еңбек – ырыстың қазығы» деген. Мен адал еңбекпен елімізді дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін өздеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.