Шымкент қаласының 11- ші шағын ауданына қарасты жаңа саябақ құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Қала әкімі нысанның жұмыс сапасын бақылап, тексеріп шықты. 1,600 га аумақты қамтитын саябақта амфитеатр, құрғақ субұрқақ, сыйымдылығы 140 м3 болатын жер асты су сорғысы орнатылды.
Сонымен қоса ересектер мен балаларға арналған демалыс аймағы, шахмат, үстел теннисін ойнауға болатын ойын алаңы, велосипед қойылатын жер, биодәретхана, көше тренажерларының спорт және трансформаторлық қосалқы станциясы, арқан паркі қарастырылған. Құрылыс ауданы – 87,00 шаршы метр, қатты жабын ауданы – 2302,00 шаршы метр, көгалдандыру ауданы – 7488,00 шаршы метр. Аталған нысанның құрылысы былтыр маусым айында басталып, осы кезде жұмыстың 93% аяқталды. Жоспар бойынша саябақ қараша айының соңына ел игілігіне берілмек.
Айта кетейік, Шымкент қаласында қоқыс полигоны демалыс аумағына айналды. Шымкент қаласы А-1 тас жолында орналасқан құрылыс қалдықтары полигоны аумағына тұрғындар үшін демалыс орнын салу жоспарланған болатын. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың қыркүйек айында толығымен аяқталды. Мердігер мекеме «Кен Тау» ЖШС жоба құны 301,6 млн теңгені құрайтын жобаның құрылысын өз мерзімінде аяқтады. Бүгінгі таңда жалпы ауданы 4,48 га аумақта демалыс орны алаңдары, жарықтандыру бағаналары, орындықтар, қоқыс урналары, спорт алаңдары құрылды.
Сонымен қатар, әр түрлі пішінде кіші сәулет мүсіндері орнатылған. Жергілікті тұрғындар қоқыс полигоны аумағының ретке келтіріліп, жасыл желекке айналғанына қуаныштарын жеткізіп, қала әкіміне алғысын білдірді. Құрылысы 10 айда аяқталған демалыс орны бүгінде тұрғындар үшін саялы аумаққа айналды. Қаланы жасыл желекке айналдыру және көгалдандыру, демалыс орнын көбейту жұмыстары ұдайы назарда.