Шымкент қаласында ардегерлер кеңесінің кезекті пленумы өтті, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі. Күн тәртібінде ардагерлерді әлеуметтік қолдау мәселесі қаралды. Алқалы басқосуға қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков, пленум мүшелері және ардагерлер қатысты. Зейнеткерлердің әлеуметтік қолдау мен сауықтырылуы жайында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова баяндап берді.
– Шымкент қаласында қазір 85 мыңнан астам зейнеткер бар. Оның 4-і ҰОС ардагері, тыл еңбеккері – 2 364, көпбалалы ана – 54 569, оның үшінде «алтын алқа» және «күміс алқа» алғандар — 11 389. Осы азаматтарды мереке күндері бір реттік және ай сайынғы төлемдерге жергілікті бюджеттен 1,4 млрд. теңге қаржы бөлінген. Қала мәслихатының шешіміне сәйкес, шипажайларға ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» алған 874 ардагерге 12 күн, зейнет жасындағы 4 445 зейнеткерге 6 күндік жолдама берілген. Қыркүйек айының өзінде 2 700 зейнеткер сауықтыру шипажайына жолданды. Одан бөлек, қаламызда 3 «Белсенді өмір сүру» орталығында 715 ардагер жартылай стационарда әлеуметтік-медициналық қызметтерді алуда. Орталықта 2019 жылы 15 түрлі қызмет көрсетілсе, 2021 жылдан бастап қызмет түрі 27-ге көбейді. Биылдың өзінде арнаулы орталық 14 мыңға жуық ардагерге емдік-сауықтыру қызметін ұсынған. Тағы 221 зейнеткер өз кезегін күтуде, — деді ол.
Қалалық ардагерлер кеңесі әлеуметтік қорғау басқармасына шипажайда сауығу мерзімін барлығына бірдей 12 күнге ұзарту ұсынысы түскен екен. Б.Нарбекованың айтуынша, ардагерлердің ұсынысы қала мәслихатына жолданыпты.
Зейнеткерлердің қоғамдық көлікте ақысыз жүру мәселесі туралы қала әкімінің орынбасары Мақсут Исахов егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
– Шымкент қаласының бюджеті 583 миллиард теңге. Оның 81 пайызы білім, денсаулық және әлеуметтік қамтуға жұмсалса, қалған 19 пайызы қаланың даму инфрақұрылымына бағытталған. Ардагерлерді сауықтыру мақсатына 619 млн.теңге қаржы бөлінген. Сіздер ұсынып отырған 12 күндік жолдаманың қаржысын есептегенде 1,3 млрд. теңгеге жетіп отыр. Бұл қаржыны қала бюджетіне енгізу үшін қала мәслихатына ұсыныс береміз. Ал, қоғамдық көліктерде тегін жүру мәселесіне келер болсақ, қаладағы жолаушыларды тасымалдайтын мемлекеттік автопарктың жоқтығы осындай мәселені туындатып отыр. Қазір қолданыстағы компаниялармен келісім жүргізіп жатырмыз. Зейнеткерлерді қоғамдық көлікте ақысыз жүруге жағдай жасауға мүмкіндік жасау үшін көлік компаниялары жол ақысын өсіруді ұсынып жатыр, — деді әкім орынбасары.
Қоғамдық көліктің жол ақысы соңғы рет 2016 жылы 50 теңгеден 70 теңгеге өскен болатын. Биыл жол ақысы тағы көтерілсе, тегін тасымалданатын санатқа жасы 70-тен асқан зейнеткерлер де қосылуы ықтимал.Жиын соңында ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Төлебаев ұсыныстарды жазбаша түрінде де жеткізуге болатынын айтып, барша ардагерді алдағы келе жатқан саяси науқан Президент сайлауына белсене қатысуға шақырды.