Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ОТБАСЫНЫҢ ЦИФРЛЫҚ КАРТАСЫ ТҮЗІЛЕДІ

ОТБАСЫНЫҢ ЦИФРЛЫҚ КАРТАСЫ ТҮЗІЛЕДІ

«Мемлекет басшысы отбасының цифрлық картасын түзуді тапсырды. Яғни, Қазақстанның әрбір отбасы өзіне мемлекет тарапынан қандай кепілдендірілген көмек бар екенінен хабардар болып отырады. Яғни, белгіленген статусына қарай әлеуметтік көмекті алады және бұрынғыдай әр әлеуметтік органға жүгірмейді. Көп балалы ана, зейнеткер болса, «Сіздің 1 жасқа толмаған балаңыз бар. Осыған орай балаңыз 1,5 жасқа толғанға дейін әлеуметтік жәрдемақы ала аласыз» деген сынды хабарлама келеді». Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Шымкент қаласындағы «Тең қоғам» әлеуметтік қорғау орталығында өткен кездесуде мәлімдеді.

Министр Шымкент қаласының ерекше жандарымен кездесу барысында ресми баяндама жасамай, бірден азаматтардың көкейтесті сауалдарына жауап берді. Жиынды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков жүргізіп отырды.

— Әуелі, отбасының цифрлық картасын қалыптастырған соң, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да әр мемлекеттік орган арасында әуреге салмау үшін бір терезе қағидаты бойынша құжатын рәсімдеу қолға алынбақ. Яғни, емханаға барғанда тиісті мәліметтерді алып, құжатын сол жерде рәсімдей алады. Үшіншіден, жастар мәселесі басты назардатұр. Мәселен, өткен жылы Қазақстанда 450 мың бала дүниеге келді. Бұл шамамен бір облыс тұрғынының санына пара-пар. 2003 жылдан бері туылған балалар қазіргі уақытта еңбекке қабілетті жасқа жетті. Бүгінде олар жұмыспен қамту, оқу мәселелерімен бетпе бет кездесіп отыр. Осы мәселені шешу мақсатында Мемлекет басшысы қыркүйектегі Жолдауында жыл сайын мемлекет тарапынан 100 мың жасты субсидияланған жұмыс орындарға тартуды тапсырды, — деді Тамара Босымбекқызы.

Жиын барысында ерекше жандар саладағы өзекті, министрлік тарапынан өзгертулерді талап ететін мәселелерді қозғады. Әсіресе, мемлекеттік тапсырыс аясында берілетін әлеуметтік, медициналық заттар мен олардың сапасы, бейіні және қолдану ұзақтығына қатысты кереғар жағдайларды талқылады.

Тамара Дүйсенова, сондай-ақ, ерекше жандардың жеке көмекшілері мен оларға төленетін әлеуметтік төлем жайында да баяндады.

— Осыдан бірнеше жыл бұрын жеке көмекшіге әлеуметтік көмекшінің орташа айлығы төленіп, одан міндетті зейнетақы жарнасы алынатын. Бұл қызмет олардың еңбек өтілі ретінде қабылданды. Арада біршама уақыт құжаттарға өзгерістер еніп, тек жәрдемақы төленіп келген. Енді осы жағдайды қайта қалпына келтіру қолға алынып отыр. Яғни, жеке көмекшінің қазіргі алып жүрген сомасына зейнетақы қорына аударылатын төлем қоса аударылады. Тиісінше, жеке көмекші зейнет жасына жеткен кезде еңбек өтіліне сәкес зейнетақы ала алады, — деді министр.

Айта кетейік, жиыннан соң Т.Дүйсенова «Тең қоғам» әлеуметтік қорғау орталығының тыныс-тіршілігімен танысып, ерекше жандармен пікір алмасты.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*