Шымкент қаласы Қаратау ауданында 89 көше орташа жөндеуден өтуде, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Қаратау ауданына қарасты жалпы жолдардың ұзындығы 1 110 шақырымды құрайды. Оның 41,7% асфальтталған, 48,6% шағал тас төселсе, 9,7% топырақ жол. Биыл 83,6 шақырымды құрайтын 89 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселеді. Бұл туралы Қаратау ауданының әкімі Р. Мулкеманов Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің халықпен есепті кездесуінде мәлімдеді. “Жыл басынан бері 40 шақырымды құрайтын 43 көшеге шағал тас, 547,1 шақырым жолға асфальт жабыны төселді. Аудан көлемінде көлік инфрақұрылымын дамыту жоспарға сәйкес жүзеге асырылып келеді. 2025 жылға дейін тағы 441,2 шақырымды құрайтын 466 көшеге құрылыс жұмыстарын жүргізіп, асфальттау жоспарлануда”, — деді аудан әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр аталған аудан бойынша 56,8 шақырымды құрайтын 61 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 29,2 шақырымды құрайтын 34 көшеге шағалтас төселді. Сонымен қатар 91 көше жарықтандырылды. 2022 жылы жарықтандырылған көшелер саны 130-ға жетті. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Айта кетейік, Шымкент қаласында 2022 жылы 352 шақырым жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 67,4 шақырым жолға құрылыс және қайта құру, 19,3 шақырым жолға күрделі жөндеу, 261,1 шақырымға орташа жөндеу жүргізіледі.
Сонымен қоса, 122,7 шақырым жолға шағал тас төселеді. Қазіргі таңда жоспарланған 19,3 шақырым жол толық күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. 125,7 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 77,3 шақырым жолға шағал тас төселді. Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының дерегінше, бүгінде қаламыдағы жолдардың 63,6 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. 2022 жылдың соңына дейін 2188,7 шақырым жолды асфальтобетон жамылғысы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу жоспарлануда. Ал, 2023 жылы асфальт жолдар үлесін 71,2 пайызға жеткізу жоспарланған. Биылғы жылға жоспарланған жөндеу жұмыстарының 28,9% пайызы орындалған. Осы жылы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 190 нысанда жол-құрылыс жұмыстарын жүргізуді жоспарланған.