Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарын атап берген Жолдауында: «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», — деді Президент.
Жаңадан кәсіп бастаушылар мен кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыздық мәселесін шешуде нақты қадамдар жасалады. Жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамытудың жаңа мүмкіндіктері – жеңілдетілген несие берілмек.
Жастарды жұмыспен қамту тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қоғамның күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселелердің бірі. Жалпы, жұмыссыз жүргендер жастардың қатарында орта арнаулы немесе жоғары оқу орындарын оқымаған, мамандығы жоқ жастар ғана емес, олардың арасында қос-қос дипломы барлар да аз болмай тұр. Осы бағытта Шымкент қаласында бірқатар жұмыстар қолға алынып отыр. Биыл қалада 261 жасқа кәсіп бастау үшін жеңілдетілген несие беру жоспарлануда, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі. Жыл соңына дейін «Жастар практикасымен» 2 мыңға жуық, «Алғашқы бос жұмыс орны» жобасымен 1 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қоса, қалалық жастар ресурстық және жұмыспен қамту орталықтарының ұйымдастыруымен студенттерге мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Жастар бизнесіне жол ашатын 2,5 пайызбен берілетін микронесие, «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орны» бағдарламаларының талаптары түсіндірілуде.
Сонымен қатар, Шымкентте «Жастардан-жастарға» ақпараттық керуен жобасы жалғасып жатыр. Жобаның мақсаты – жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бағдарламалар жөнінде ақпараттармен таныстыру.
Шымкент қаласында «Жастардан-жастарға» ақпараттық керуен жобасы аясында М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің бітіруші түлектеріне мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.Түсіндірме жұмыстарының мақсаты – жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бағдарламалар жөнінде ақпараттармен таныстыру. Кездесу барысында «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орны», 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту, 2,5 %-бен берілетін 5 млн-дық несие жөнінде ақпараттар айтылды. Сонымен қоса, жастарды толғандырған сұрақтарға толыққанды жауап берілді.