Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Шымкент медицинасының мүмкіндігі мол

Шымкент медицинасының мүмкіндігі мол

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Қазақстан халқына Жолдауы мазмұнының өзектілігін атап өткен жөн. Жолдау барлық қазақстандықтарға қатысты екені сөзсіз. Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Осы орайда,  Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой Шымкентке арнайы келді. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков делегацияға мегаполис ауруханаларының мүмкіндігін таныстырды.

Алексей Цой бастаған делегация қалалық №1 клиникалық аурухананы аралады. Аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай аурухананың қабылдау бөлімі, консультациялық-диагностикалық бөлімше және операциялық блоктың жұмысымен таныстырды. ҚР ПІБ медициналық орталығының басшысы А.Цой орталық мамандарымен бірлесіп ота жасалған науқастармен тілдесті.
— Республикалық маңызы бар қаладағы медицинаның қуатын осы аурухананың мүмкіндігінен-ақ байқап тұрмыз. Аурухананың заманауи жабдықтармен қамтылуы және мұндағы дәрігерлердің жылдар бойы жинаған тәжірибесі күрделі операциялар кезінде айқын көрінді. ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының дәрігерлерімен бірлесіп күрделі операциялар жасалып, екі жақтың мамандары өзара тәжірибе алмасты. Күрделі ота жасалған науқастың бір күнде аяққа тұрғанын, жағдайының қалыпты екенін көріп, шымкенттік дәрігерлердің кәсіби білігі жоғары екенін ерекше атап өткім келеді. Мұндай күрделі операцияларды өңірлерде өткізіп, тәжірибе алмасудағы мақсатымыз — медицинаның қолжетімділігін арттыру. Яғни, науқастар күрделі ота үшін Алматы, Астана қалаларына бармай-ақ, өз өңірінде емделе алады. Себебі, Шымкент медицинасының мүмкіндігі мол, — деді А.Цой.

А.Цой бастаған жұмыс тобы Шымкент қаласындағы №2 ауруханаға барып, онда қабылдау бөлімінің, жоспарлы хирургия, операциялық блок пен диагностика мен емдеудің рентгенхирургиялық әдістері бөлімінің, инсульт орталығының жұмысымен танысты. Аурухананың бас дәрігері А.Рахматалиев орталықтың медициналық құралдармен жабдықталуын, ондағы жасалған күрделі оталар жайлы баяндады. ҚР ПІБ медициналық орталығының басшысы А.Цой аурухананың мүмкіндігін жоғары бағалап, орталық дәрігерлерімен бірлікте ота жасалған 3 науқастың жағдайымен танысты. Сондай-ақ, аурухана жанынан құрылған инсульт орталығының жұмысын жоғары бағалап, ондағы перзентхана қызметін перинаталдық орталық деңгейіне дейін дамытуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*