Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ШЫМКЕНТ: ТУБЕРКУЛЕЗБЕН КҮРЕС АЙЛЫҒЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

ШЫМКЕНТ: ТУБЕРКУЛЕЗБЕН КҮРЕС АЙЛЫҒЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Дені сау ұлт – мықты мемлекеттің негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында медицина саласындағы өзекті мәселелер назардан тыс қалған жоқ. Президентіміз халықтың әл-ауқаты мен денсаулығын жақсарту жолындағы жұмыстарға басты назар аудару керектігін нақтылап айтты.
Осы орайда, халықтың денсаулығын арттыру әрі  туберкулездің алдын алу бойынша 24 ақпанда басталған іс-шара айлығы 24 наурызға дейін жалғасады. Биыл дертпен күрес «Біз туберкулезді жеңеміз!» деген ұранмен өтіп жатыр. Осыған орай, бүгін Шымкент қалалық №13 емхана дәрігерлері мен Абай аудандық санитариялық эпидемиялогиялық бақылау басқармасы мамандары бірлесіп, профилактикалық шара ұйымдастырды.
Шара аясында салаға жауапты мамандар емхана пациенттері мен қала тұрғындарына туберкулез жайында кеңінен түсіндіріп, профилактикалық шаралардың маңыздылығын атап өтті. Абай аудандық санитариялық эпидемиялогиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Сәрсенбаевтың айтуынша, шаһарда туберкулез дертіне шалдыққандар саны азайған.
Еске салсақ, ересектер мен балалар арасында туберкулезді ерте анықтау үшін флюорографиялық зерттеулер мен манту сынамасы жүргізіледі. Ауруды кеш анықтаған кезде аурудың асқынған түрі қоғам үшін қауіпті болуы мүмкін.
– Аурудың алдын алу немесе ертерек анықтау үшін мектепте балаларға манту сынамасы салынады. Әлі күнге дейін мұны тұрғындар «туберкулезге қарсы екпе» деп есептейді. Бірақ бұл – баланың туберкулезге шалдыққан-шалдықпағанын анықтайтын тәсіл ғана. Жаңа туған нәрестелерге перзентханадан шықпай жатып БЦЖ деп аталатын екпе егіледі. Жалпы туберкулезге қарсы БЦЖ-ны қайта егу – 7 және 14 жаста жүргізіледі. Жыл сайын флюорографиялық скрининг (ересектер жылына бір рет), дәрігердің тағайындауы бойынша өкпені рентгенге түсіру, терапевтке қаралып, профилактикалық тексеруден өту маңызды. Қазақстанда туберкулезді анықтау мен оның алдын алу, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кепілдендірілген медициналық көмек пакетіне кіреді. Былайша айтқанда, ауру тегін емделеді, – дейді емхананың бөлім меңгерушісі Жібек Тіленова.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*