Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Шымкентте тұрғын үйге 533 азаматтың өтінімі мақұлданды

Шымкентте тұрғын үйге 533 азаматтың өтінімі мақұлданды

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жекелеген санаттарға жататын азаматтардың мәселелерін жеделдетіп шешу үшін қазір елімізде жеке тұрғын үй қорындағы баспананың жалға алу ақысын субсидиялау тетігі іске асырылып жатқаны мәлім.

Қазақстан халқына арналған Жолдауында ел Президенті, «Әсіресе әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады», деп айтқан болатын.

Шымкент тұрғындарын жергілікті бюджет есебінен баспанамен қамту шаралары да өз нәтижесін беріп келеді. Баспана кезегінде тұрып, өздері жалдамалы пәтерді паналап жүрген отбасыларды қолдау мақсатында жалдау ақысының 50 пайызын субсидиялау жобасы жүзеге асырылып жатыр. Субсидиялауға қала бойынша 2373 азамат өтінім берген болса, оның 533-і мақұлданып, келісімшарт түзілген. Бұл субсидияға 4 санат бойынша адамдар қатыса алады. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, I, II топтағы ерекше жандар және ерекше бала асырап отырған отбасылар қатысады. Алдымен үй иесімен жалдау шартын түзіп, Шымкент қаласы, Бейбітшілік көшесі, 3 үй мекенжайындағы Amanat партиясы ғимаратының бірінші қабатында «Отбасы банк» менеджрлері осы мәселе бойынша сұрақтарға жауап беріп, құжат қабылдайды.
Бұған дейін субсидияға өтінім берушілер арасында зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақылары жан басына шаққандағы күнкөріс деңгейінен асуына байланысты азаматтар субсидиядан тыс қалған жағдайлар кездесетін. Бүгінде жергілікті билік тарапынан ұсыныстар беріліп, ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту Министрінің бұйрығына зейнетақы, жәрдемақылар есепке алмау жөнінде өзгерістер енгізу жобасы қаралып жатыр. Осы тұста, банктерге берешегі (қарызы) бар азаматтардың дербес шотының бұғатталуынан өтінім беру мүмкіндігі болмаған еді. Осы мәселе де өзгеріс енгізу арқылы өз шешімін табатын болады.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы орган тарапынан әлеуметтік әлсіз отбасыларды қолдау мақсатында тұрғын үй сертификаттары қарастырылған.

Айта кетейік, «5-20-25» – тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына кіреді. Бұған үй кезегінде тұрғандар да қатыса алады. Ол бойынша пәтер ақысының 10 пайызын жинап, 20 жылға дейін ипотека рәсімдеуге болады. Несие мөлшерлемесі – 5 пайыз. Биыл осы бағдарлама шеңберінде 1076 отбасы баспаналы болу мүмкіндігіне ие. Одан бөлек, қазір қалада 1080 несиелік пәтерлер құрылысы да жүргізіліп жатыр.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*