Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ШЫМКЕНТ: Әйтенов ​мектеп ғимараттарын жаңа оқу жылына сақадай сай етуді тапсырды

ШЫМКЕНТ: Әйтенов ​мектеп ғимараттарын жаңа оқу жылына сақадай сай етуді тапсырды

Жолдаудың негізгі өзгешелігі — халықтың қойып отырған талап-тілектерінің бәрі айтылғандығында. Жалпы мемлекеттің дамуы үшін үш тетік керек — халықтың денсаулығы, білімі және әлеуметтік жағдай. Олар шешілмей, біз ешқашан өркениетті қоғамға жете алмаймыз.

Жолдауда білім беру сапасын жақсартуға ерекше мән беріліп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғандығы туралы айтылды.

Осы орайда, бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов қаладағы жүргізіліп жатқан білім ошақтарының құрылысымен танысты, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.

Шаһар басшысы ең алдымен М.Х.Дулати атындағы № 8 мамандандырылған мектеп-гимназиясының қосымша корпусының құрылысын тексерді. Заманауи талапқа сай бой көтеріп келе жатқан ғимарат мыңнан аса оқушыға арналған. Жобаға сай мұнда 250 орындық АКТ залы, спортзал, кітапхана және 320 орындық асхана қарастырылған. Мұрат Дүйсенбекұлы құрылысы екі жыл бұрын басталған нысанды жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беруді тапсырды.

Сондай-ақ, қала әкімі жауаптылармен бірге № 45 мектеп-гимназиясының 300 орындық қосымша ғимаратының құрылысын да қадағалады. Ғимаратта оқу сыныптарынан бөлек, жаттығу және гимнастикалық сабақтарға арналған спорт залы қамтылған. Құрылыс алаңдарын аралаған Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға сапасыздыққа жол бермей, барлық нысандарды өндірістік кестеге сай қыркүйекке дейін қолданысқа беруді тапсырды.

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша орта білім беру нысандарын салу жөнінде Жол картасы жасалады. Ұлттық жоба аясында қалада 25 мектеп салынады, биыл – 12, келесі жылы 13 ғимараттың құрылысы жүргізіледі. Қазір қалада үш ауысымды 4 білім ошағы бар. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін ғимараттар есебінен бұл мәселе түбегейлі шешіледі. Былтыр шаһарда 25 мектеп пайдалануға берілсе, биыл 48 мектептің құрылысы жүргізілуде. 37 мектеп пайдалануға берілді, оның төртеуі мемлекеттік. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 4-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 4-ден 3-ке дейін азайды. Қала басшысы жауаптыларға салынатын ғимараттардың сапасын, өндірістік кестеге сай аяқталуын қадағалауды тапсырды.

Сондай-ақ, құрылыс жүргізілетін аумақтарды тиісті инфрақұрылым жүйелерімен қамтамассыз ету, ғимараттардың барлық талаптарға сай жабдықталуы бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*