Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Шымкентте модульді жұқпалы аурулар орталығы балалар ауруханасы болып қайта құрылады

Шымкентте модульді жұқпалы аурулар орталығы балалар ауруханасы болып қайта құрылады

«Еліміздің басты құндылығы – адам». Бұл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқан сөзі. Президент бұл Жолдауда әрбір қазақстандықтың сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды тапсырмалар берді. Оның ішіндегі ең басты бағыт ұлт саулығына арналып отыр.

Шымкент қаласында пандемия кезінде салынған модульді жұқпалы аурулар орталығы балалар ауруханасы болып қайта құрылады, деп хабарлайды jetpisbai.kz.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Әкімдіктің мәліметінше, енді орталық базасында дәрігерлер кішкентай науқастарға түрлі медициналық көмектер көрсетеді. Емдеу орталығының сыйымдылығы 200 төсек орынға лайықталған. Мұнда реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің 20 орны, КТ аппараты, цифрлық рентген және басқа да медициналық жабдықтар бар.

Сондай-ақ, ғимарат аумағында оттегі станциясы, автономды электр станциясы, лас қалдықтарды дезинфекциялауға арналған орындар мен жедел жәрдем машиналары қарастырылған. Осыған дейін инфекциялық госпиталь ретінде жұмыс істеген орталықты науқастарға қауіпсіз ету үшін барлық тиісті шаралар атқарылды. Ғимарат қабырғалары мен медициналық аппараттардан жұғындылар алынып, экспертиза жүргізетін тәуелсіз мекемелерге тексеруге жіберілген. Қорытынды санитарлық талаптарға сай танылып, орталық жұмысына рұқсат берілді.

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша стационарлық көмек көрсететін 15 медициналық ұйым бар. Ал, жалпы төсек-орын саны 3407 құрайды. Сонымен қатар, қалада көп бейінді 4 стационар бар. Оның ішінде қалалық клиникалық ауруханасында 490 төсек орын, №2 қалалық ауруханасында 390 төсек орын, №3 қалалық ауруханасында 210 төсек орын, қалалық балалар клиникалық ауруханасында 315 төсек орын бар. Сондай-ақ қалада 5 монопрофильді стационар да жұмыс істейді. Шымкент жүрек орталығында 134 төсек орын, қалалық онкологиялық орталықта 231 төсек орын, Т.О.Орынбаев атындағы гипербарикалық оксигенация орталығында 125 төсек орын, психикалық денсаулық орталығында 435 төсек орын, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы 360 төсек орынмен жабдықталған.

Сонымен қатар, қалада 2 босандыру стационары бар. Оның ішінде қалалық перзентханада — 162 төсек орынмен және қалалық перинаталдық орталық — 165 төсек орынмен жабдықталған.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*