Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды тапсырды, «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек», деген болатын.
Айта кетейік, өткен жылы Шымкент қаласы Еңбекші ауданындағы 9 елді мекенге электр желісі тартылды. Бұл туралы Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Есілбек Досбол брифинг барысында мәлімдеді. Аудандағы 29 шағынаудан мен тұрғын алаптардың электр жүйесімен қамту көрсеткіші сапалы 98,3%, жекеменшік жүйе 1,2%, ал, қамтылмаған 0,5% құрады. 2022 жылы аудан аумағындағы 9 елді мекенде жалпы 2013 абонентке сапалы электр желісі тартылды. 2023 жылы Исфиджаб елді мекенін сапалы электр энергиясымен қамту бойынша мердігер мекеме анықталып, жобаның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Қарабастау елді мекеніндегі Жаңақұрылыс аймағына электр желісін тарту бойынша сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленуде.