Шымкент гарнизонына қарасты әскери бөлімдерінің жеке құрамымен «Рөлдегі маскүнем-қылмыскер» атты іс-шара өткізілді, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі мәлімдеді. Айлықты өткізу барысында Шымкент гарнизонының әскери полиция бөлімінің әскери автомобиль полициясы бөлімшесінің бастығы капитан Мейіржан Иристемовтың ұйымдастыруымен нарколог дәрігерлер мен құқық қорғау органдарының өкілдерін шақыра отырып, әскерлерде маскүнемдіктің зияны туралы сабақтар өткізілді.
“Шымкент гарнизонының әскери бөлімдері мен мекемелерінде 300-ден астам әскери қызметшілердің жеке көлігі бар, тағы 1000-ға жуығы сенімді басқару құқығымен көлік құралдарын басқарады, олар күн сайын жол қозғалысының белсенді қатысушылары “, — деді капитан Мейіржан Иристемов.
Сонымен қатар, автомобиль көлігі жоғары қауіптілік көзі болғандықтан әскери қызметшілерге қоғамдық орындарда болу және көлікті мас күйінде басқару жауапкершілігі туралы ақпарат жеткізілді. Профилактикалық іс-шаралар аясында әскери қалашықтарда және әскери бөлімдерге іргелес аумақта жарақаттану фактілерін алдын алу мақсатында жол белгілері жаңартылды, ал әскери қызметшілерге сақтануға тиіс ережелер, жолаушы ретінде жүргенде ЖКО салдарының ауырлығын азайтуға немесе оны болдырмауға бағытталған әрекеттер түсіндірілді.
Айта кетейік, Шымкентте жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол апаттарының алдын алу мақсатында қала көшелеріне жол таңбалары жаңартылды. Мұндай жаңарту жұмыстары қолданыстағы стандарттарға сәйкес тұрақты түрде атқарылады. Шаһардағы асфальт жолдың жалпы ұзындығы – 2055,7 шақырымды құрайды. Ағымдағы жылы қалада көліктердің жол қозғалысын реттеу, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 420 шақырымға жуық жол таңбалары сызылды. Жаяу жүргіншілер өткелі бойынша қаламызда 465 орын белгіленген. Оның ішінде ағымдағы жылы 420 жаяу жүргіншілер өткелі қайта сызылып жаңартылды. Бұл жұмыстар көлік қозғалысына кедергі келтірмеуі үшін түнгі уақытта атқарылды.