Шымкенттіктер елі үшін кеудесін оққа тосып, қайтпас қайсарлығын көрсеткен жауынгерлерді еске алды. Бүгін Тәжік-Ауған шекарасындағы қанды оқиғаға — 28 жыл. 1995 жылдың 7 сәуірінде жат жерде интернационалдық борышын өтеп жүрген 17 қазақстандық сарбаздың өмірі қиылған еді. Ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алу мақсатында Қазақстан Респаубликасының Ұлттық Ұланы осы күнді «Ерлік күні» деп жариялаған болатын. Абай саябағына жиналған Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлім командирлері, қоғам бірлестіктері және ардагерлер ерлікпен қаза тапқан азаматтардың рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Еске салсақ, 1995 жыл Тәжік-Ауған шекарысында болған соғысқа еліміздің Ішкі әскерлердің жетінші құрама ротасы көмекке барған болатын. Олар ТМД елдерінің шекараларын сыртқы жаудан қорғап, өзіне атқарылған міндетті өтеу үшін барлығына дайын болды. 5 сағаттық кескілескен шайқаста 33 жауынгер жараланып, 17-сі ажал құшты.
Сондықтан бұл батырлардың есімі әрдайым ел есінде. Жиналғандар ержүрек ұлдарды 1 минут үнсіздікпен еске алып, Құран бағышталды. Еске алуға келген әскерилер елге оралмаған қызметтестеріне құрмет көрсетуді өз борышы деп санайды.
Айта кетейік, Халықаралық келісімге сәйкес, еліміздің Ішкі әскері 1993 жылдың маусымынан 1999 жылдың тамызына дейін тәжік-ауған шекарасын күзетуге қатысты. Осы жылдары кезекті ауысым түрі бойынша 20 құрама рота құрылып, 2 мыңнан астам сарбаз бен сардар жауынгерлік тапсырманы орындады. 1995 жылдың 7 сәуірінде Памир тауындағы Пшихавр шатқалында болған қақтығыс кезінде Ішкі әскердің 17 жауынгері ерлікпен қаза тапты. Одан бері қаншама жылды артқа тастағанмен, бұл жара халық жүрегінде өшпес сызат қалдырды. Сұрапыл соғысқа еліміздің намысты ер жүрек батырлары қатысып, жас өмірін құрбан етті. Оларды ұмытпау, ерліктерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу біздің басты мақсатымыз.